Атырау-Индер автокөлік тас жолына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Үстіміздегі жылдың аяғына дейін жолшылар облыс орталығы мен Махамбет ауданы Ақжайық селосына (7-ауыл) дейінгі аралықтың тас жолын қалпына келтіреміз деп отыр.
Жобаның демеушісі – NCPOC компаниясы осы жылға тек 9,7 млрд теңге ақша бөлді. Бұл 81,7 шақырым жерге асфальт төсеуге жетеді. Егер алғашқы20 шақырым Атырау қаласының аумағына кіретінін ескерсек, барлығы небары - 101,7 шақырым.
Қазір жергілікті бюджеттен қосымша 2,2 млрд теңге қаржы бөлу мәселесі қаралып жатыр. Бұл тағы да 18 шақырым жолды күрделі жөндеуге жетеді. Жолдың ені 8 метрді құрайды.
Бас мердігер – «Атырауинжстрой» ЖШС. RealWay, «БекетСәтжол», «Адани» және «Атырау-Көлік» - қосалқы мердігерлер.
Махамбет және Индер ауданының сол жақ жағалау тұрғындары осы жобаның аяқталуын тағатсыздана күтіп жүр. Бір ай жұмыс кезінде жолшылар келесі көлемде жұмыс бітірді: 35-шақырымда қуаты сағатына120 тонна өнім шығаратын «СПЕКО» асфальтбетон зауыты іске қосылды, 41 шақырым жолдың ескі асфальтіне фрезерлендіру жүргізілді, 16 шақырымға топырақ қабаты, 7 шақырымға жол төсемесінің негізі салынды, 4 шақырымға асфальт төселді. Үш асфальт төсеуші кешен жұмыс жасап жатса да, көпке ұзамапты...
Жобада, сондай-ақ, 41 жаңа су өткізу құбыры, алты автобус аялдамасы және үш демалыс алаңқайын салу қарастырылған.
- Жол қабатының биіктігі Атырау - Орал тас жолындай емес, неге төмен? – деп«Атырауинжстрой» ЖШС-нің бас директоры Бөлек ӘЛМЕНБАЕВҚА сұрақ қойдық.
- Атырау – Орал тас жолының республикалық мәртебесі бар, ал Атырау – Индер тас жолы - облыстық мәндегі жол. Сәйкесінше Орал трассасы бірінші санатты жол болса, Индер жолы – үшінші. Барлық жұмыстар жобаға сәйкес жүргізілуде, - деп жауап берді жол компаниясының басшысы.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ