Білім беру сапасын қамсыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігі (БСТҚА) Қазақстанның ең үздік жоғары оқу орындарының 2013 жылғы ұлттық рейтингісін жариялады. Рейтинг көрсеткіштері бойынша облысымыздағы бірден бір жоғары оқу орын – Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ең соңғы 18-орында.
Бұл рейтинг 2008 жылдан бастап жыл сайын жарияланып отырады. Осы рейтингілер еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан ЖОО-лардың сан қырлы қызметтерін қамтиды. Статистикалық көрсеткіштер профессор-оқытушықұрамы жұмысының сапасын, студенттер құрамын және олардың оқу нәтижелерін, ЖОО-ның ғылыми инновациялық қызметін, халықаралық ынтымақтастығын, және сонымен қатар интернетте олар туралы ақпараттың мөлшерін қамтиды. Рейтинг үш бөлімнен тұрады: ЖОО-ның академиялық ресурстарының сапасын статистикалық көрсеткіштер негізінде бағалау. Бұл жалпы көрсеткіштің 60%-ын құрайды; ЖОО-лардың қызметіне академиялық қоғам тарапынан эксперттік бағалау беру. Бұл 20%-бен есептеледі; жұмыс берушілермен мемлекеттік органдарға таратылатын социологиялық сұрақ-жауап. Бұл да - 20%. Пайыздық өлшемдердің әр статистикалық индикаторларға үлестірілуі БСҚТҚА-ның ғаламтордағы http://www.nkaoko.kz/rankings/rating-2013/ парақшасында егжей тегжейлі көрсетілген.
Көпсалалы жоғары оқу орындары бөліміне кіретін Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-дің қызмет сапасы пайыздық көрсеткіш бойынша - 17,21%-ды, жұмыс берушілердің бағалауы бойынша - 4,22%, сарапшылардың бағалауы бойынша – 2,26%-ды құрап отыр. Қорытынды нәтижелер - 23,69%. Бұл соңғы 18-ші орын (салыстыра айтсақ, бірінші орындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қорытынды нәтижесі - 97,03%).
Ал техникалық жоғары оқу орындары арасында Атырау мұнай және газ институты соңғы орынның алдындағы 12-ші орынға шыққан – 25,98% (1-ші орын алған Қазақстан-Британ техникалық университетінде – 92,18%).
Қайырбек САНСЫЗБАЕВ