Өткен жұмада америкалық ресми тұлғалар АҚШ-қа террористік қауіп төніп тұрғанын хабарлап, жиырма шақты елдегі елшіліктерін жауып тастады.
Мемлекеттік департамент өкілі Джен Псаки таратқан ақпаратқа сүйенсек, қауіптің алдын алу мақсатында жабылған 19 елшілік 10 тамызға дейін жұмыс істемейді. Тағы он дипломатиялық өкілдік дүйсенбіде іске қосылады.
Таяу шығыстағы және Оңтүстік Еуропадағы АҚШ қарулы күштері дайындығы аса жоғары деңгейде. Бұл туралы белгісіз ақпарат көздеріне сүйеніп, америкалық телеарналар хабарлады. Ақ үйдегілердің айтуынша, террористік қауіпті болжау Ұлттық қауіпсіздік агенттігі қолданатын құпия бағдарламаның көмегімен жүзеге асқан. Бұл бағдарламаға қатысты соңғы кезде біраз шу шыққан болатын. Әлемдік деңгейдегі наразылық тудырған бағдарлама туралы шындықты «әлем азаматы» Эдвард Сноуден жариялаған болатын.
CNN арнасының хабарлауынша, Испания, Италия және Қызыл теңіз аймақтарындағы әскери дайындық күшейтілген. Ол аймақтарда АҚШ-тың Таяу Шығысқа бірнеше сағатта жетіп, жылдам әрекет ететін теңіз жаяу әскері бөлімшесі орналасқан. Әртүрлі деректерге сүйенсек, террористік дабылға арнайы қызметтері тарапынан «Әл-Каида» өкілдерін арасындағы келіссөздердің тыңдалуынан туған. Вашингтон нақты қандай қауіптің «таяп қалғанын», америкалықтарға кім және қалай шабуыл жасауы мүмкін екендігін ашып айтқан жоқ. Дегенмен, әкімшіліктегі әскери-дипломатиялық министрлер мен барлау қызметі директорларының кеңейтілген отырысында «қауіптің Таяу Шығыстан шығатыны» айтылды. Түрлі ақпараттарға сүйенсек, жексенбі күні АҚШ-тың Таяу Шығыс пен Солтүстікң Африканың 17 еліндегі 22-25 елшілік пен консулдығы жабылған.
Арнайы қызметтердің барлау ақпаратымен танысқан конгрессмендердің айтуынша, АҚШ-қа өте үлкен қауіп төніп тұрғаны анық. «Бұл – нақты және нақты қауіптердің аса күрделілерінің бірі. Мұны 2001 жылғы 11 қыркүйекпен теңестіруге де болады» дейді, ұлттық қауіпсіздік өкілдері палатасы комитетінің басшысы Майкл Маккол. Сенат барлау комитетінің мүшесі Сэксби Чамблисс те бұл жолғы қауіп соңғы жылдардағылардың ең күрделісі екенін айтты. «Қауіптер ағыны таяп қалды, біз соған орай әрекет етеміз» деді штаб басшылары бірлескен комитетінің төрағасы Мартин Демпси, ABC арнасына берген сұхбатында. Оның сөзіне қарағанда, террористер АҚШ-қа ғана емес, оның жақтасы боп есептелетін батыс елдеріне де шабуыл жасауы мүмкін.
ABC телекомпаниясының хабарлауынша, әлемді шулатқан «Әл-Каидалықтар» бомбаларды хирургиялық жолмен денеге кіргізу арқылы қауіпсіздік кордондарынан еркін өтуге дайындалуда. Бірақ ресми тұлғалар тек қияли боп көрінетін мұндай әдістер туралы тіс жарған жоқ. Соған қарағанда, фантастикалық кинолардағы адам ағзасына бомбаның салынуы да ғажап емес.
Ақ үйдегі тағы бір ресми тұлға – Питер Кингтің айтуынша, «қауіптің қаншалықты деңгейде» екендігі барлау нәтижесінде анықталған. Онымен қоса, террористік шабуылдың нақты уақыты да «адам құқығын аяққа таптауда» деп айыпталып жатқан, шексіз барлау бағдарламасының көмегімен жүзеге асқан.
Айта кету керек, терроризмнің қаупі жайлы ескертпе 31 тамызға дейін күшінде болады. АҚШ-тың бұл әрекетін әркім әртүрлі қабылдап жатыр. Оның өзін айыптап жатқандар да бар. Мәселен, Иран Қорғаныс министрі Ахмад Вахиди Вашингтонды террористерді тәрбиелеуде айыптап, оған әлемдегі мемлекеттік терроризмнің басты демеушісі деп баға берді. «Америкалықтар адамгершілік, халық еркіндігі, терроризммен күрес жайлы айтуға құқығы жоқ. Себебі, Пәкістан мен әлемнің өзге елдеріндегі терроризмді таратып отырған АҚШ-тың өзі» дейді ол.
Қалай десек те, АҚШ-тың кенеттен жасаған бұл әрекеті түсінбеушілікті тудырды. Оның үстіне, қауіп жайлы таратылған әр ақпаратта соңғы кезде үлкен дау тудырып, әлем елдерінің АҚШ-қа наразылығын өршіткен «барлау қызметінің» ақталуы байқалады. Қауіп жайлы ақпараттың барлығы сол арқылы алынды-мыс. Бұл Вашингтонның өз әрекетінің «пайдалы екендігін» жасырын насихаттау тәрізді. Оның үстіне, үлкен қауіп төніп тұрған елдің әскерін қысқаруы да қисынсыз. Пентагон жақында ғана жетпіс мың әскеридің жұмыстан босатылып, 65 мыңының резервте тұрғаны жайлы хабарлаған болатын. Егер бұл өз әрекетін ақтау болса, онда оның АҚШ азаматтарынан өзгелерге әсер ете қоюы екіталай. Бірақ Ақ үйдің америкалықтарды сендіріп, барлаудың еркін жүргізлуіне көндіруінің өзі үлкен нәтиже болмақ.
Ал, қауіп шынымен төніп тұрса, 2001 жылғы оқиға қайталануы мүмкін. Вашингтон жасап жатқан әрекеттердің бәрі зая кетуі де ғажап емес. Себебі, АҚШ дайындығы жайлы ақпарат сіз бен бізге ғана емес, «Әл-Каидалықтарға» да қол жетімді.
Дереккөз: aikyn.kz