Әскерде жұмбақ жағдайда басы жарылып, төсек тартып қалған Ербаян Мұхтар Түркиядан Қазақстанға қайтты, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Ербаянның Стамбұлдағы емі бойынша бірінші кезең аяқталды, енді ол алдағы екі-үш ай елде болмақ. Бұл туралы 27 қаңтарда оның заңды өкілі Инга Иманбай хабарлады.
"Ербаянның басына жасалған отадан кейін толыққанды реабилитация бастау үшін оның ағзасы біраз уақыт демалуы керек екен. Көктемде ол Түркияға қайта ұшып, екінші кезең – реабилитацияны бастайды. Жуырда Ербаянның ата-анасы бірінші кезеңдегі емге кеткен қаржы бойынша есеп береді", – деді Инга Иманбай желідегі парақшасында.
Ербаян Мұхтарды ата-анасы былтыр қыркүйекте Түркияға емдетуге алып кеткен еді. Инга Иманбайдың мәліметінше, Стамбұлда Ербаянның басына ота жасалып, инфекциядан толық арылған, бұдан бөлек, салмақ қосып, роботтың көмегімен қимылдай бастаған, өзі аздап тамақ ішетін жағдайға келген.
Instagram әлеуметтік желісінде Ербаянға арналған парақша ашылып, жақындары оның ем-домына жұрттан көмек сұраған еді. Жас жігіттің төсек тартып жатқан видео-фотосы желіде көп тарап, жұрт анасының шотына жаппай ақша аударған. Былтыр Ербаянның еміне 230 млн теңге (480 мың АҚШ доллары) жиналған.
Инга Иманбайдың хабарлауынша, Ербаян Мұхтар ісі әлі тергеу сатысында тұр. Ербаянның жағдайына байланысты қазір екі қылмыстық іс тергеліп жатыр: бірі – әскерде болған жағдайға байланысты, екіншісі – ауруханадағы дәрігерлердің іс-әрекетіне қатысты деді Иманбай. Оның сөзіне қарағанда, сот қашан болатыны әзірге белгісіз.
Ербаян Мұхтар 2023 жылы көктемде өз еркімен әскерге азаматтық борышын атқаруға кеткен. Жас жігіт Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген. Бірақ сол жылы желтоқсанда әскердегі әжетханада жұмбақ жағдайда басы жарылып, комаға түскен. Төрт айдай ес-түссіз жатып, 2024 жылы мамырда оянған.
Әскери бөлім "сарбаз әжетханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды" деген. Жігіттің ата-анасы әскери бөлімнің мәлімдемесіне сенбейтінін айтқан.