
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалымдары қазақ тілін үйретудің деңгейге сәйкестендірілген нақты жүйесін жинақтап, А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлеріне арналған лексикалық және грамматикалық құрылымдардың толық тізімін жасап шығарды.
Ұлттық академиялық кітапханада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің қолдауымен «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы іске асырған «Мемлекеттік және ана тілдерін оқыту бойынша оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, шығару және тарату» жобасының таныстырылымы өтті.
Ғылыми қоғамдастық пен жұртшылыққа жаңа оқу құралдары мен кітаптар ұсынылды.
Отандық тәжірибеде лексика-грамматикалық минимумдар (ЛГМ) алғаш рет әзірленді, олар CEFR (Common European Framework of Reference – шет тілін меңгеру деңгейін бағалауға арналған жалпыеуропалық стандарт) халықаралық стандарттарына толық сәйкес келеді. ЛГМ тіл үйренушілерге қазақ тілін жүйелі, ғылыми негізделген және тиімді тәсілдермен меңгеруге мүмкіндік береді. Оқу құралдары тыңдалым, оқылым, айтылым және жазылым дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді, сонымен қатар тілдік кедергіні жеңуге көмектеседі. Лексика-грамматикалық құрылымдардың әр деңгейі тілді меңгеруде белгілі бір дағдыларды дамытуға арналған.
ЛГМ құрастырушылары А.Қ. Балабеков, Н.Ж. Дәулеткереева, Л.М. Демесінова, Ж.М. Ысқакова, А.М. Қалиева, Г.А. Мұсаева, Ж.К.Сүйінжанова сияқты белгілі лингвист-ғалымдар.
ЛГМ негізінде әзірленген «Қазақ тілі. А1 қарапайым денгей» (Авторлары: А.Қ. Балабеков, С.Е. Мұсабекова) және «Қазақ тілі. А2 базалық денгей» (авторлары: Л.М. Демесінова, А.М. Қалиева) оқу құралдары қазақ тілін екінші шет тілі ретінде оқытатын оқу ұйымдары ұсынылып таратылды.
Іс-шара барысында қазақ тілін үйренуге әдістемелік қолдау ретінде шығарылған оқулықтар мен кітаптар таныстырылды. Олардың арасында «Сөз және сөйлеу мәдениеті» С1 деңгейіндегі оқу құралы (Ж.Ерекешова, Ш.Қайбрахман, А.Орынбаева), «Ана тілі» оқу құралы (Т. Айтмағанбетова), «Қазақ тілі: А2 деңгейі. Түрік тілді аудиторияға арналған оқу құралы» (Н.Бирай, Г.Құрманғалиева-Ерджиласун, С.Ұзақбайқызы, Л. Есбосын, Ж.М. Искакова), сондай-ақ Банк, медицина, қоғамдық орындар және сауда салалары бойынша қалта сөздіктер (А.А.Игенова, М.Ш.Ағымбаева, А.З.Амантаева, А.Гаипова), Қазақша-орысша оқу сөздігі. А1, А2 деңгейлері (Ж.А.Тұрлыбекова, А.С.Ошанова), «Тілдерді оқытуға арналған платформалар» көмекші құралы (О.Қойчибеков, М.Қуандық), «Қазақ халқының өнегелік салт-дәстүрлері» (Э.Масагутова, У.Ахметжанова) кітабы бар.
В Атырау -5