Біз оқырмандарымызды 15 маусымда Францияның Савойя қаласынан ЭКСПО-2017 көрмесінің иесі Астанаға бастау алған Sun Trip-2013 веложорығының қатысушысы бельгиялық Раф ванн ХЮЛЛЕМЕН таныстырған едік («Күн велосипедіне мінген бельгиялық веложорықшы»). Енді күлімдеп жүретін бельгиялық еліміздің астанасына бірінші болып жетіп, осы жарыстың жеңімпазы атанды.
Жарысқа қатысушылардың барлығы да тек қана күн немесе жел энергиясымен және электр қуатымен жүретін велосипедтермен қозғалатынын ескерте кетейік. Раф ванн Хюллеге Франциядан Астанаға дейінгі 7 500 шақырымды жүріп өту үшін 38 күн мен 1 сағат керек болды.
Бізбен кездескенінде Раф атыраулық масалардан басқа ештеңеге шағымданбады, тек жымия берді. Астанаға жеткен соң ғана ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастырушылар мен Франция және Бельгия елшілігінің қызметкерлеріне қаншалықты қиын болғандығын жеткізді:
- Мен осы жерге бірінші болып жеткенім үшін бақыттымын, бұл менің өмірімдегі ұмытылмас сәттердің бірі болатыны сөзсіз. Шынына келгенде, егер Sun Trip жорығына тағы да қатысар болсам, мен жарыспаймын, бұл өте ауыр!
Осы кезде, 1-2 тамыз күні Атырауға тағы бір веложорықшы келді – Дирк ХОЙГЕНІҢ велосипедіндегі күн тақтайшасы Ресейде жүрген кезінде бұзылып қалған екен. Атырауға дейін Дирк таза энергиясыз жеткен екен, осы жерде оның велосипедіне Астанадан жеткізілген ванн Хюлленің велосипедіндегі күн тақтайшасы орнатылды.
Жақын арада Атырауға қазіргі уақытта Астраханда жүрген франциялық ерлі-зайыпты Эмили мен Гийоманың тандемі келеді деп күтілуде. Олардан сәл кейін осы жорықтағы жалғыз бойжеткен, француздық Аник-Мари Бушар келмек. Олардың өкшесін қуа қазір Ресейде жүрген Қырғызстаннан қатысушы ерлі-зайыпты Эльвира мен Кристиан жетпек.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Сурет thesuntrip.com сайтынан алынған