Атырау, 10 наурыз 18:51
 ашықВ Атырау -2
$ 494.84
€ 537.40
₽ 5.58

Бұза ма, салып бітіре ме: NB Towers тұрғын үй кешеніне қатысты ахуал

867 просмотра

Атырау қаласының ортасында салынып тұрған NB Towers тұрғын үй кешені келісім құжаттары жоқтығына байланысты сүріледі деген  Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының (ГАСК) ақпараты жарияланғаннан кейін  «АЖ» тілшісіне осы ТҮК үлескерлері хабарласып шағымын жеткізді. Үлескерлер аталған түрғын үй кешенінен пәтер сатып алуға 20 миллионнан 40 миллионға дейін қаражат салған. Енді үй сүрілсе, қаражатты қалай қайтарып аламыз деп алаңдайды.

Үлескерлердің бірі индерлік Оңай АРЫСТАНОВА балалары оқу бітірген соң қалада тұрады деген мақсатпен NB Towers ТҮК нің іргетасы құйылып бастағанда қаражат салған. 

- 2021 жылы осы құрылыс мекемесінен 43 шаршы метр болатын 2 бөлмелі үй алғанбыз. Іргетасы құйылып жатқанын көрген соң алдынала келісімшарт жасасып, бірінші 20 пайызын төлеп, кейін 2022 жылдың қазанына дейін толық 20 миллион теңгесін төлеп бітірдік. Себебі үй 2022 жылдың қазанында берілуі тиіс еді. Алайда олардың тарапынан жұмыс баяу болды, оның себептерін карантинге байланысты, Ресейдегі жағдайға байланысты деп әр жылдары әртүрлі себеп айтып отырды. Бәріне сабырмен қарап, енді биыл үйге кіреміз дегенде құжаттары жоқ, сүріледі деген жаңалық абдыратып тастады, - дейді Оңай Арыстанова.

Оның айтуынша бүгінде тұрғын үй кешенінің есіктері мен коммуникация желілерінен басқа жұмыстары аяқталып тұр. Тұрғындар осы үйдің құжатын заңдастырып, кілтін бергенін тиімді санайды, егер заңсыз десе ақшамызды қайтарсын деп талап етуде. Сондай ақ үлескерлер заңға қайшы болса қаланың қақ ортасында үш жыл бойына салынып жатқан үйді  әкімдіктегілер байқамаған ба, неге тоқтатпаған дейді.   

Редакцияға хабарласқан Ақмарал ДОСОВА есімді тағы бір қала тұрғыны бизнес класстағы осы тұрғын үй кешенінен коммерциялық орын алу үшін 27 млн теңге салған.

- 2023 жылы  ГАСК заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің тізімін жариялаған кезде, бірден құрылыс мекемесіне хат жаздым. Алайда олар біздің құжатымыз заңды деп көрсетіп, бірақ құжатын жібермеді. Сөйтіп ең бірінші болып сотқа беріп, жеке сот орындаушы арқылы есепшоттарын шоттарын бұғаттап,  шотына түскен 3 млн теңгесін сот орындаушы арқылы қайтарып алдым. Әлі 24 миллион теңгедей қалдық бар. Сотқа да, бас прокуратураға да жаздым, бәрінің жауабы айналып келгенде ГАСК арқылы жолданып, тиісті құжаттары жоқ деген жауап беріледі, дейді үлескер.

Тұрғындардың айтуынша былтыр мамыр айында үлескерлер жиналып, құрылтайшылармен кездескен. Олар сол кездесуде қазан айында кілтін қолдарыңа аласыздар деп уәде берген. Бірақ нақты істен гөрі уәделер көп дейді үлескерлер.

NB Towers тұрғын үй кешенінің құрылтайшыларының бірі Руслан ЮСУПОВТАН білгеніміздей тұрғын үй кешенінің құжаттарын алуға ғимараттың «Qazaq oil» жанармай құю бекетінің қасынан тұрғызылуы кедергі болып тұр.

- Бұл жанармай құю бекетінің қасында бізден басқа да ғимараттар бар. Алайда олар ертеректе келісім алып алған. Қазіргі кезде тұрғын үйден 100 метр жерде жанармай бекеті тұруы заңға қайшы болып табылады. Біз құжаттарымызды мемлекеттік сараптамаға өткізіп, талон алу үшін осы жанармай құю бекеті кедергі болып отыр, деді өзін NB Towers ТҮК құрылтайшымын деп таныстарған Руслан Юсупов.

Юсуповтың айтуынша қазіргі кезде жанармай бекеті басшыларынан нысанды үйдің жанынан алшақ орналастыру жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. 

- Біз бастапқыда «Меркурий» жанармай құю бекеті болып тұрған кезде оның басшыларымен сөйлесіп, қаланың сыртына шығару жөнінде келісімге келгенбіз. Кейін иелері ауысып кеткеннен кейін келісімге келе алмай қалдық. Бірақ қазіргі кезде әкімдік араласқаннан кейін мәмілеге келу жұмыстары жүріп жатыр. Біз де халықтың қарғысына қалғымыз келмейді. Мақсатымыз құжаттарын дұрыстап, аманатты аман есен тапсыру. Жоспарымыз бойынша құжат жұмыстары екі айда бітуі керек, - деді Юсупов.

Құрылыс мекемесі өкілдерінің сөзінше тұрғын үй құрылысын аяқтауға қатысты барлық құрылыс материалдары келіп тұр. Мелекеттік сараптамадан құрылысқа талон және әкімдіктен эскиз согласования қажет.

- Бұл мәселе «Qazaq oil» басшыларының келісімін алсақ шешіледі. Біз өз тарапымыздан ол жанармай құю бекетін сатып алуға да қажет болса қаланың басқа нүктесінен қайтадан салып беруге де дайынбыз, деді Р.Юсупов.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

27 қаңтар, 13:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.