Атырау, 12 желтоқсан 08:26
 қар жаууы ықтималВ Атырау +1
$ 516.93
€ 542.52
₽ 4.98

«Таразды» ұтып, 7-орынға табан тіреді

2 392 просмотра

4 тамызда «Мұнайшы» стадионында «Атырау» ФК футболдан ел чемпионатының 22-турында «Таразды» қабылдап, 3:1 есебімен жеңіске жетті.

9 наурызда болған бірінші айналым матчында «Тараз» «Атырауды» 4:1 есебімен ұтып еді. Қарымта қайтару керектігі кездесуге қосымша рең берді. Тартысты өткен ойында «Атырау» есесін қайтарды.

Ойынның 15-минутында «Тараз» командасының айып алаңында қорғаушы допты қолмен тоқтатты. Төреші алдымен пенальти белгілеп еді, алайда кейіннен өз пікірін өзгертіп, жай ғана айып добын орындауға рұқсат берді. Қонақтар қақпашысы соққыны кері қайтарды. Алайда 5 минуттан кейін Тарас Данилюк баспен сәтті ойнап, есеп ашты, «Атыраудың» пайдасына – 1:0.

Ойын «Атырау» футболшыларының толассыз шабуылымен өтті. 85-минутта алаңға ауысып шыққан Милош Стойчев Георгия Пейкришвилидің пасын әдемі голға айналдырып, есепті еселеді – 2:0.

90-минутта «Тараздың» айып алаңында қорғаушылар Пейкришвилиді шалып жығып, төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Георгий соққыны өзі орындап, есепті 3:0-ге жеткізді.

Негізгі уақытқа қосылған қосымша минуттарда «Атырау» ойыншылары сылбырлық танытып, қонақтарға бір гол соғуға мүмкіндік беріп қойды. Көп кешікпей төрешінің ойынды аяқтау жөнінде ысқырығы шалынды. Қорытынды есеп - 3:1.

Ойыннан кейінгі баспасөз конференциясында «Атыраудың» бас бапкері Миодраг Радулович шәкірттерінен осындай әдемі ойынды көптен күткенін айтты.

- Біз «Тараз» командасынан наурызда болған ащы жеңілістің қарымтасын қайтарғымыз келді. Сонымен қатар, турнир кестесінде 7-орынға да көтерілуді қаладық. Өз дегенімізге жеттік. Алайда мұнымен арқаны кеңге салуға болмайды. Әлі де болса шабуылдың гол салу кезеңдерімен жұмыс жасауымыз керек, - дейді М: Радулович.

«Тараздың» бас бапкері Арно Пайперс«Атырау» командасының жеңісі заңды екенін мойындады. Ол командасының ойынына қиындықтар әкелген Ненад Иняц пен Алексей Щеткиннің ойындарын атап өтті.

Сонымен, 17 тамызда басталатын футболдан Қазақстан чемпионатының 2-кезеңінде «Атырау» турнир кестесінде 8-ші және 12-орындар алған командалармен өз алаңында бес ойын, қонақта бес ойын өткізеді. Егер бірінші «алтылыққа» кіретін командалардың міндеті чемпионат жеңімпазы мен жүлдегерлерін анықтау болса, «Атырау» өнер көрсететін топтың міндеті – премьер-лиганы тастап кететін екі аутсайдерді анықтау болып табылады. 1-кезеңнің қорытындысы бойынша «Атырау» 27 ұпай жинаған болатын, яғни команда 2-кезеңді 14 ұпаймен бастайды (ереже бойынша команданың 1-кезеңде иеленген барлық ұпайлары екіге бөлінеді). Салыстыру үшін, «Атыраудың» жан сақтау күресіндегі қарсыластарының ұпайлары келесідей: «Тобол» (Қостанай) – 13, «Восток» (Өскемен) – 12, «Жетісу» (Талдықорған) – 11, «Тараз» – 9, «Ақжайык» (Орал) – 7.

Әрине, «Атыраудың» басқа командаларға қарағанда жағдайы жаман емес. Алайда қалған 10 турда бәрі өзгеруі мүмкін... Чемпионат қарашанын алғашқы күндері аяқталады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

5 тамыз 2013, 13:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.