1 тамыз күні Атырау облыстық ауруханасында жаңа жабдық – АҚШ-тан шығатын HARMONIC ультрадыбысты скальпельдің таныстырылымы болып өтті. Жаңа құрылғымен жұмыс жасап үлгерген облыстық аурухананың оташылары оның артықшылықтарымен бөлісті.
Бұл құрылғыны ауруханаға Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) сыйлады. КҚК-ның ҚР үкіметпен байланыс жөніндегі бас директорының орынбасары Қанатбек ЖУМИННІҢ айтуынша, жаңа скальпельдің құны $80 мыңды құрайды. Скальпельдің артықшылығы оның электр кернеуімен жұмыс жасайтындығында. Нәтижесінде кесілген жерде тамырлар бірден бірігеді немесе медицина тілімен айтқанда, коагуляцияланады.
- Біріншіден, бұрынғы әдіс бойынша кесілген жерді екі жағынан қысып тұрып, қан тамырларын қолмен тігетін кезде орын алатын көп мөлшерде қан кету біршама азаяды, - деп түсіндіреді бас дәрігердің хирургия бойынша орынбасары Қайрекен ҚАДЫРОВ (суретте). Жаңа скальпельмен ота жасау үшін тек 20-50 мл қан керек болады (емдеу мекемелеріндегі қан құю кезінде соңғы кездерде орын алған ауру жұқтыру оқиғаларынан кейін маңызды болары сөзсіз – Л.С.), мәселен, бұрын асқазанды резекциялау қордағы 1 л қанмен, кей кездері тіпті 3 литрге дейінгі қан қорымен жасалатын. Екіншіден, бұл таңу материалдарын үнемдеуге де көмектеседі. Бастысы ота жасау уақыты да, кейін сауықтыру кезеңі де екі есеге қысқарады.
Оның айтуы бойынша, қазіргі таңда әлемде осындай скальпельдің бірнеше түрі бар екен, соның ішінде лазерлі, аргонды-плазмалы, сонымен қатар криоскальпельдер. HARMONIC скальпелінің көмегімен сүйектерді кесу мен кейбір гинекологиялық оталардан басқа кез келген, соның ішінде балаларға да ота жасай беруге болады (арнайы қондырмасы бар).
Бізде мамандардың бар екендігіне Қадыров сендірді. Олардың кейбіреуі өз машықтарын 10 жыл бұрын «Аджип» компаниясымен сыйға тартылған осыған ұқсас жабдықпен жұмыс жасау кезінде жетілдірген. Ең қиын оталарға келер болсақ, жақын арада біздің мамандар Санкт-Петерборға арнайы оқуға аттанбақ.
- Бүгінгі күні біз жаңа скальпельмен бірнеше ота жасап үлгердік: бірнеше жарықты алып тастадық, өңешті алып тастау және ауыстыру бойынша бірнеше ота жасадық, обырмен зақымданған асқазанның 3-4 бөлігін алдық. Оталарға біздің хирургтардың барлығы қатысуда, - дейді Қадыров. Ол сонымен қатар Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында (ТМККК) медициналық көрсеткіштер бойынша емделушілерге оталар тегін жасалатынын айтып өтті.
Мен осындай қымбат жабдықтардың тұрып қалатыны туралы бұрыннан білетін болғасын сұрақ қойдым: ультрадыбысты скальпельдің техникалық жұмыс істеуіне кім жауап береді және оны керекті құралдармен кім жабдықтап отырады? Бұл сұрақ әлі шешімін таппаған болып шықты.
... Біз облыстық ауруханаға барғанымызда оташылар жаңа скальпельмен ота жасауға кіріскен екен. Ота үстелінде асқазанның ойық жарасымен және өте төмен гемоглобин деңгейімен ер адам жатты; оның зақымданған асқазанының жартысын алып тастады. Құдай қаласа, жаңа скальпель бұл кісіге және өзге емделушілерге де шипасын берсін...
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ