
Атырау қаласында су тасқыны кезінде ерекше ерлігімен ел есінде қалған Пшөн атты иттің құрметіне арт мүсін орнатылды. Металдан жасалған мүсін Жайық жағалауындағы облыс әкімдігі маңында орналасқан Ailaq Coffee кофеханасының алдында тұр.
Арт скульптураның авторы — атыраулық мүсінші Азамат Кенжеғалиев. Ол бұл туынды арқылы иттің адалдығы мен адамдарға көрсеткен көмегіне ризашылық білдіргісі келгенін айтты.
- Бұл еңбегімнің көпшілікке көрнекі жерде көрінуін қаладым. Әуелде Атырау қаласы әкімдігіне барып, мүсінді Жайық жағасындағы құтқару станциясы маңына қоюды ұсындым. Алайда әкімдік бұл ұсынысқа мән бермей, басқа да маңызды істері бар екенін айтып, өтінішімді қараусыз қалдырды. Кейін жеке кәсіпкер өз жерін ұсынған соң, мүсінді сол жерде орнатуға шешім қабылдадық. Бұл арт скульптура — Жайық бойындағы халық пен еріктілердің атынан иттің ерлігіне деген құрметтің белгісі ретінде жасалды, деді автор.
Қала әкімінің ауызша жауабына көңілі толмаған мүсінші, мардымды жауап алу үшін е-өтініш арқылы қайтадан арыз жазған. Оның жауабы ақпан айында келеді.
Айта кетейік, Пшөн атты ит 2024 жылдың көктеміндегі су тасқыны кезінде халыққа көмегімен танымал болды. Алайда, былтыр желтоқсан айында Махамбет ауданы, Сартоғай ауылында ит аулаушылардың оғынан қаза тапқан еді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау 0