
Атырау қаласындағы "Рыбник" бау-бақша қоғамының тұрғындары электр энергиясының тарифі 23 теңгеге күрт көтерілуіне байланысты және бау-бақша қоғамын тұрғын үй секторына ауыстыру жөнінде мәселенің әлі күнге шешілмей келе жатқанына наразылық білдіріп, жүздеген ауыл тұрғыны Жайық жағасына жиналды.
Жиынға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек МАХУОВ әріптестерімен және «Атырау Жарық» АҚ Сату бөлімінің тете-президенті Тұрлан ДОШАТОВ қатысты.
Жиналған тұрғындардың сөзінше, тұрғындар 2005 жылдан бері су мен газды және жарықты өз қаржыларына тартқан. Енді жол мәселесі мен электр энергиясына тарифтің қымбаттауы қинап тұр. Әкімдік мәселені шешіп беруге құлықсыз.
- Қала тұрғындары электр энергиясы үшін тарифті 17 теңгеге өсті деп қымбатсынып жатса, бізде 23 теңгеге көтеріп қойған. Бұл жаққа келіп, халықтың қалай өмір сүріп жатқанын көріп жатқан ешкім жоқ. Біздің мәселемізді шешуге әкімдік те, басқасы да құлықсыз, - дейді Рыбник бау-бақша кешенінің тұрғыны Қайыржан Оразғалиев.
Айтуынша әкімдікте тек бір жауап: Тұрғын үй секторына ауыспайынша, мәселені шешуге қаржы қарастырылмайды.
Тұрғындардың уәжін тыңдаған Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуов "Рыбник" пен "Химик" бау бақша қоғамының мәселелерін бұрыннан білетінін, шешуге жұмыстанып жатқанын жеткізді.
- Бізде қазір қала бойынша 32 бау-бақша қоғамына жоба жасақталып жатыр. Биыл мамыр айында аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Жоба ішінде осы баубақша қоғамының жолын, суын, электр желісін жүргізу қаралған. Бірақ бұл жерге жерге бюджеттен ақша бөліп, жұмыс жасау үшін ықшамаудан статусы қажет болады. Қазіргі кезде бау бақша қоғамын тұрғын үй секторына ауыстыру үшін қаланың бас жоспарына түзетулер енгізілуде. Бас жоспар дайын болған кезде қаражат бөле аламыз. Алайда бұл бүгін ертең шешілетін мәселе емес. Қазір процестер жүріп жатыр, - деді Тілек Махуов.
Алайда жиналғандар мұндай әңгімені 2005 жылдан бері естіп келе жатқанын айтады.
- Сіздер сияқты адамдар осы әңгімені 2005 жылдан бері айтып келеді. Жиындарда осылай уәде беріп кетеді. Содан кейін біз қозғалмайынша олар да жұмыс істемейді. Бұл жақта күннен күнге халық көбейіп жатыр. Жолымыздың түрі мынау. Қаншама бала осы жолмен балшық кесіп мектепке барады, обал емес пе? Жаз болса балалар шөптен аяқ алып жүре алмайды. Шөп жұлуға миллиондап бөлініп жатқан қаражат қайда кетіп жатыр? Неге халық азып тозып отыр? Біз бүгін ашынғаннан жиналдық, - дейді тағы бір тұрғын.
«Атырау Жарық» АҚ өкілі Тұрлан Дошатов электр энергиясы тарифінің қымбаттау себебін түсіндірді. Оның айтуынша, бау-бақша аумағына электр энергиясы техникалық шарт бойынша беріледі:
- Бізде техникалық шарт деген бар. Ол барлық баубақша қоғамында 15 қазан мен 15 сәуір аралығында берілетін ток. Соңғы кезде осы бау бақша қоғамы тұрғылықты халық тұратын мекенге айналғаннан кейін электр энергиясы жыл бойы қосылып келеді. Бірақ сіздерде тұрғын үй секторы статусы болмаған соң біз әрқайсыңызбен жеке келісімшарт жасай алмаймыз. Сондықтан трансформатордағы есептегіштен ай сайын көрсеткіш алып, соны халыққа белгіленген тарифпен есептеп, бау бақша қоғамының төрағасына счет беріп отырмыз. Қарашаға дейін 10.56 теңгеден төлесеңіздер 1 желтоқсаннан бастап 16 теңге болды. Ол қосымша құн салығымен 17.92 теңгені құрайды. Жалпы шыққан бағаны өздеріңіздің төраға әр үй басына бөледі. Ал аржағындағы артық ақша деп отырғандарыңыз линиядағы потеря, яғни трансформатордың шығыны. Ол шығынды өздеріңіздің төраға есептеп, әр үйге бөліп қосып отырады, - деді Тұрлан Дошатов.
Ол бау бақша қоғамының тұрғындары 17.92 теңгемен төлеу үшін алдымен тұрғын үй секторына ауысу қажет, содан соң электр желісін күтіп ұстау үшін ТКШ немесе «Атырау Жарықтың» теңгерімінде болуы тиіс екенін айтты.
- Трансформатор мен электр желілері ТКШ балансында болса, оның далаға кеткен шығындарын күтіп ұстап отырған мекемеге есептейміз. Ал қазір тарнсформатордың есептегіші бау бақша қоғамынікі болғандықтан ауаға кеткен шығынды бау бақша қоғамының төрағасына саламыз. Олар халықтан алады, - деп түсіндірді «Атырау Жарық» өкілі.
Қалалық ТКШ бөлімінің мәліметінше, бау бақша қоғамындағы электр желісін балансқа алу үшін госакт және басқа құжаттарының болмауы кедергі келтіріп тұр.
Бұрынғы уәделер және болашақ жоспар
Айта кетейік саяжайларды тұрғын үй секторына айналдыру жөнінде тұрғындар 2022 жылы Атырауға келген мәжіліс депутаттары Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ, Сәлімжан НАҚПАЕВ, Нұрлыбек ОЖАЕВПЕН кездесіп, мәселелерін көтерген болатын. Алайда содан бері 3 жыл өтсе де тұрғындар саяжайларда іс жүзінде ештеңе жасалмағанын айтады.
Кейін ҚР Ауыл шаруашылы министрлігінде ҚР-дағы саяжай және бау-бақша шаруашылығын дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы жасалды. Құжат – ҚР Премьер-Министрінің 2023 жылғы 10 желтоқсандағы облыс әкімдіктеріне тапсырмасы. Жол картасында саяжай және бау-бақша шаруашылығын дамытудың он тармағы көрсетілген.
Үкіметтің бау-бақша шаруашылығын дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы да жергілікті биліктің уәделері де орындалмай отыр. Біз осы мәселені үкіметке де жеткіздік. Қазір бау бақша қоғамы тұрғындары атынан өкілдер сайланып, Астанада Премьер министрдің бірінші орынбасары Роман Склярмен өтетін жиналысқа шақырту алып отырмыз. Халық арасынан сайланған өкілдер ертең пойызбен жолға шығамыз. Жұма күні Астанада өтетін жиында осы мәселенің жауабын тікелей аламыз, дейді тұрғын Қайыржан Оразғалиев.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау 0 







