Атырау, 14 ақпан 01:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -4
$ 497.88
€ 518.59
₽ 5.44

АМӨЗ-ге жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемін арттыру міндеті қойылды

1 099 просмотра

Атырау облысына жұмыс сапары барысында «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау мұнай өңдеу зауытында болды, деп хабарлайды зауыттың Telegram арнасы.

ҚМГ басшысы зауыттың өндіріс нысандарының техникалық жай-күйімен танысып, кәсіпорынның 2024 жылғы қорытындысы мен 2025 жылдың міндеттеріне арналған жиын өткізді.

А.Хасенов өндірістік және экологиялық жобаларды жүзеге асыруды, сондай-ақ зауыттың кеңейтілген жөндеу аралық кезеңге көшуіне дайындықты жалғастырудың маңызын атап өтті. Жиында Атырау мұнай өңдеу зауытының шығынын азайту, өндіріс тиімділігін арттыру және тұрақты, қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету шаралары талқыланды.

Қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға және алдағы он жылда зауыттың инфрақұрылымын, соның ішінде әкімшілік-тұрмыстық кешендерді дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді.

Жиын соңында ҚМГ басшысы зауыт басшылығына жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемін ұлғайтып, процестердің сенімділігі мен энергия тиімділігін арттыру бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Жалпы, 2024 жылы АМӨЗ 5,5 млн тоннадан астам мұнай өңдеді, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 70 мың тоннаға артық.

2024 жылдың 12 айындағы өндірістік көрсеткіштер:

•автобензин — 1,65 млн тоннаға жуық өндірілді, жоспардан 120 мың тоннаға артық;

•дизель отыны — 1,66 млн тоннаға дейін, 2023 жылмен салыстырғанда 50 мың тоннаға артық;

•авиаотын — 188 мың тоннаға жуық, өсім 63 мың тонна;

•сұйытылған мұнай газы — 213 мың тоннадан астам, 2023 жылғы көрсеткіштен 20 мың тоннаға артық.

Жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі артып, 69,2%-ды құрады, ал өңдеу тереңдігі 85,1%-ға дейін жетті. Технологиялық отын мен шығын көрсеткіші 0,8%-ға төмендеп, 10,9%-ды құрады.

17 қаңтар, 17:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.