
Атырауда 14 жастағы Зейнеп Бақтығалиеваны іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Жасөспірімнің жоғалғаны туралы ақпарат кеше түнде әлеуметтік желіде пайда болды. Қыздың әпкесі Зейнептің осыдан төрт күн бұрын, яғни 14 қаңтарда үйінен шығып кеткенін, содан бері оралмағанын хабарлады.
Біз қыздың 21 жастағы әпкесі Дильназ Бақтығалиеваға хабарластық. Айтуынша, Зейнеп заттарын алу үшін құрбысына шығып кеткен, бірақ қайтып оралмаған. Ол телефон қоңырауларына жауап бермей, WhatsApp арқылы өзінің жақсы екенін, үйге келгенде бәрін түсіндіремін деп жазған екен.
- Оның қазір қайда және кіммен жүргенін түсіне алмай отырмыз. Ол қалада көлікпен бір ер адаммен жүр деседі. Ол Instagram сторисіне видеолар салып, бірақ бізбен байланысқа шықпай отыр. Тек аман-сау екенін айтып, уайымдамаңдар, үйге оралғанда түсіндірем деп қана жауап береді. Ол бұрын-соңды бұлай жасап көрген жоқ: тек құрбыларымен сөйлесіп, үйден аз уақытқа, 1-2 сағатқа ғана шығып, уақытында қайтып келетін. Құрбыларының бәріне бардым, ешқайсысында үйінде емес. Құрбыларының бірі Зейнептің боянып алып, Авангард маңында бір көлікке мінгенін көріпті. Оның таксиге мінетін ақшасы жоқ, ол таксисттің көлігіне отырған жоқ деп ойлаймын. Оны ересек адам ұстап отыр лпе ойлаймын, - дейді Дильназ.
Қыз Instagram сторисіне суицидтік ойлары бар екені байқалатын екі видео жариялапты.
Әкесі Досжан Бақтығалиев вахталық әдіспен жұмыс істейді. 14 жастағы Зейнеп пен үлкен қызы Дильназ әкесімен бірге тұрады. Кіші қызын әжесі, Досжанның анасы тәрбиелеп отыр.
– Жұмысқа енді кірісіп едім, кеше қызымның үйге келмегенін білдім. Оны құрбысының үйінде жүр дейді, бірақ қайсысы екенін білмейміз. Қызым әпкесіне Мәдина деген қызды айтады. Бірақ біз ол туралы да, оның мекен-жайын да мүлдем білмейміз. Менің телефонымда WhatsApp жоқ. Үлкен қызым Зейнепке жазып, телефон соғып отыр. Бірақ ол мессенджермен ғана бәрі жақсы деп жауап беріп отыр. Кеше үлкен қызым полицияға шағымданды, - дейді Досжанның өзі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Зейнеп Бақтығалиеваны іздеу жұмыстары жүріп жатқанын растады.
ТОЛЫҚТЫРЫЛДЫ
Материал жарияланған кезде қыздың табылғаны туралы ақпарат пайда болды.
Айнұр САПАРОВА