Атырау, 9 ақпан 20:08
 ашықВ Атырау -10
$ 511.18
€ 530.60
₽ 5.28

Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны рас па?

1 239 просмотра

Бұл туралы Қазгидрометке қарасты Каспий теңізінің гидрометеорологиялық зерттеулер басқармасы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

ECOJER қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов Каспий теңізінің тоқтаусыз тартылуынан судың тұздылығы артып, улы газдар шығуы мүмкін екенін ескертеді. Бұл өз кезегінде теңіздің флорасы мен фаунасына зиянын келтіреді. Демек, теңіздегі су жануарларының қырылып қалу мүмкіндігі де жоғары.

– Каспий теңізіне құйылып жатқан судың 80 пайызы Еділ өзенінен келіп жатыр. Еділден құйылатын су азайғаны анық. Себебі, Ресей тарапынан суды көп мөлшерде пайдаланатын қондырғылар құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сондықтан, ол жерде теңіз жағасын жуып жатқан 5 мемлекет арасында келісімшарт жасалып, осындай кедергілерді болдырмау керек деп санаймын. Каспийге толыққанды ғылыми зерттеу жүргізіліп, маңайындағы елдермен келісе отырып, теңізді сақтап қалу қажет, – дейді тәуелсіз эколог.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Каспий теңізін ғылыми зерттеу институтын құруды 2022 жылы тапсырған еді. Десе де, аталған институт әлі күнге дейін жұмысын бастаған жоқ.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі теңіздің таяздануын, биосаналуандығын және экожүйесін зерттейтін ұйым құру жұмысында қозғалыс барын айтады.

Ал Каспий теңізі гидрометеорологиялық зерттеулер басқармасының бастығы Айзат Елтайдың айтуынша, Каспий деңгейі төмендеу үрдісінің ерекше қарқын алғаны рас. Мұны байқау қиын да емес.

– Каспий маңы елдерінің бақылау деректері негізінде теңіздің орташа көпжылдық деңгейі Балтық жүйесі бойынша – 27,35 метр. Қазіргі уақытта Каспий деңгейі төмендеу үрдісінің ерекше қарқын алғанын байқауға болады. 2006 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі кезеңде ол 1 метр 83 сантиметрге дейін төмендеді. 2023 жылы Каспий теңізінің деңгейі 28,87 метр болды, – деді ол.

Каспий теңізінің жағадан алыстауы теңіз маңында орналасқан кәсіпкерлік нысандарға да өз зиянын тигізіп бастаған. Себебі, мұнан 10 жыл бұрын абаттандырылған жағалау мен теңіз арасы шамамен 100 метрге алшақтаған.

Ақтау қаласының тұрғыны, құстанушы Қанатбек Кенжеғұлов "теңіздің тез тартылып жатқаны соңғы жылдары анық байқалады" деп отыр.

– Өзіміз теңіз жағасында тұрамыз, көріп жүрміз. Соңғы 3-4 жылда тез тартылып бара жатыр. Анық байқалады. 2021 жылы түсірген су ортасындағы тастың үстіне қонған құстардың фотосы бар. Қазір қарап тұрсаң, сол тас құрғақ жерде қалып қойған. Айналасында су жоқ. Одан бері 4-ақ жыл өтті. Теңіз кетіп барады. Соған алаңдаймыз, – деді ол.
16 қаңтар, 23:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.