Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өңірдің ірі жер қойнауын пайдаланушыларымен бірлесіп, Атырау облысының жұмыссыз азаматтары үшін оқыту сабақтарын ұйымдастыруды жалғастыруда. Нақтырақ айтқанда, "Теңізшевройл" ЖШС Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы жүзеге асырылуда,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оған Атырау облысының 18 жастан асқан жұмыссыз тұрғындары, сондай-ақ аймақта тұратын Теңіз кен орнының демобилизацияланған қызметкерлері қатыса алады.
- Сабақтар электр монтаждаушы, БӨП монтаждаушы, құбыр монтаждаушы және металл конструкцияларын дәнекерлеуші мамандықтары бойынша өтеді. Ұзақтығы таңдалған мамандыққа байланысты екі айдан екі жарым айға дейін жалғаспақ. Үміткерлер білімнің базалық деңгейін анықтауға арналған 15 сұрақтан тұратын тестілеуден өтетін пәнді таңдай алады, - дейді басқармадағылар.
Іріктеу жұмыстары 2025 жылдың 20-31 қаңтары аралығында "APEC Petrotechnic"жоғары колледжінің оқу орталығында өтеді. Ал тренинг ақпанның үші басталмақ. Айта кетейік, өткен жылы "Теңізшевройл" ЖШС-нің электромонтаждаушы, БӨП монтажшысы, құбыр монтажшысы және металл конструкцияларын дәнекерлеуші мамандықтары бойынша оқыту курстарынан өткендердің саны 168-ді құраған. Биыл шамамен 125 адамды оқыту жоспарлануда.