Атырау облыстық орман шаруашылығы инспекциясы Фейсбуктегі парақшасында қасқыр аулауға қатысты маңызды ақпарат жариялады.
2025 жылдың 15 қаңтарынан бастап сағат 10:00-ден бастап санын реттеуге жататын жануарларды (қасқыр, шибөрі) аулауға рұқсат алу мүмкіндігі қолжетімді болады.
Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Ұлытау облыстарында рұқсат тек үй жануарларына шабуыл жасалғаны тіркелген жағдайда немесе қаңғыбас аңдардың елді мекендер аумағына кіргені туралы дәлел болған жағдайда ғана беріледі.
Қасқыр мен шибөріні аулауға рұқсат алу Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №347 бұйрығымен бекітілген тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Бұл мемлекеттік қызмет түрі толығымен автоматтандырылған және электрондық лицензиялау веб-порталы арқылы алуға болады.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, жануарлар санын реттеу биологиялық тепе-теңдікті сақтау және үй жануарларын қорғау мақсатында жүзеге асырылады. Аталған шаралар экологиялық жүйеге зиян келтірмей, жануарлар дүниесін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.