Әлем елдері Париж келісіміне сәйкес экономиканы көміртексіздендіруге міндеттеме алды. Бұл ретте жасыл энергияға көшу бағаның айтарлықтай өсуіне әкеледі. Our World in Data жүргізген зерттеу бойынша әлемде электр энергиясы ең қымбат елдер Дания, Германия, Ұлыбритания екен. Жалпы бұл елдерде коммуналдық қызметке кететін шығынды тұрғындар қалай төлейді? Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
Америкалықтардың көбі жалақысының жартысын үй жалдау, ипотека, азық-түлік, дәрігерге қаралу және коммуналдық қызмет шығындарына жұмсайды. Әсіресе газ, электр қуаты, су және кәріз төлемдеріне қыруар ақша кетеді. Америкада жылыту жүйесі көп жағдайда орталықтандырылмаған. Көптеген үйдің дербес жылыту жүйесі бар. Яғни қожайын үйдегі температураны өзі реттеп, қажетінше қосып, өшіре алады. Бұл жүйе қыста жылы, жазда салқын ауа үрлейді. Коммуналдық қызмет шығындары орташа есеппен айына 200 доллар шығады. Оның ішіне су, газ, жарық, қоқыс шығару кіреді. Жалпы АҚШ-тағы бір отбасы коммуналдық төлемге айына орта есеппен 430 доллар жұмсайды.
«Кейінгі айларда инфляция баяулағанымен, әлі де қымбатшылық қысып тұр. Бұл коммуналдық қызметтерді төлеуді қиындатуы мүмкін. Қазір тұрғындардың көбі жұмысынан айырылып қалмас үшін қосымша жұмыс істеу жағын жиі ойлайды. Біз жүргізген сауалнамада америкалықтардың 40%-і күнделікті шығындарын қысқартқанын анықтадық» — Мэтт Шульц, Lendingtree бас сарапшысы.
Португалияда су қымбат
Португалияда тұрғындар суды аз тұтынады. Өйткені елде су қымбат. Ірі су қоймалары болмағандықтан, Еуропаның басқа елдеріне қарағанда бассейндер мен үлкен ванналар сирек кездеседі. Ай сайынғы судың құны оның қанша тұтынылатынына байланысты есептеледі. Мәселен, орташа есеппен тоннасына 0,85-тен 1,92 еуроға дейін болуы мүмкін.
Ал газбен жабдықау жүйесі үйдің қашан салынғанына байланысты ерекшеленеді. Мысалы, 15 не одан бұрын салынған ескі үйлерде резервуарлар ұйымдастырылған. Оларда газ айдалады және сақталады. Ал жаңа көпқабатты үйлерде резервуарлар пайдаланылмайды. Жылу орталықтан беріледі.
Жалпы айына шамамен португалиялықтардан әмиянынан 140 еуро су, газ, электр қуаты және қоқыс шығаруға кетеді. Қосымша 150 еуро үйдің тазалығына және интернет пен теледидарға жұмсалады.
Еуропа елдерінде коммуналдық қызмет құны әртүрлі
Италияда коммуналдық төлемдердің құны ауа райына байланысты өзгереді. Жазда су шығыны көбейеді. Ал қыста электр немесе газ шығыны артады. Жалпы ауланың тазалығы, оны жарықтандыруға кететін шығындар айына 100 еуродай. Бұл біздің теңгемен 54 мыңдай. Ал қоқысты шығару, газ, су, электр энергиясы үшін бөлек төленеді. Оған 130 еуродай кетеді.
Италиялықтарға қарағанда Испания тұрғындары аз шығындылады. Әрі төлемдер ай сайын емес, 2-3 айда бір төленеді. Өйткені тұрғындар газды жеткізу, тұтыну мәселесін өзі шешеді. Бірегей жылыту жүйесі жоқ. Өйткені Испанияда климат жылы болғандықтан, газ көп қолданылмайды. Сөйтіп, коммуналдық қызметтерге 80 еуродай жұмсалады.