2025 жылғы 1-5 ақпан аралығында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының үш командасы Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтетін "UAE SWAT Challenge-2025" жыл сайынғы VI халықаралық тактикалық жарысқа қатысады, деп хабарлайды ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.
Биылғы жылы жарысқа әлемнің түрлі елдерінен 80-нен астам команда жиналады. "UAE SWAT Challenge" — бұл күш құрылымдарының арнайы күштері арасындағы бейресми әлем чемпионаты. Оны арнайы күштер олимпиадасы деп атайды. Жауынгерлер тактикалық дағдыларды, зияткерлік шоғырлануды және физикалық төзімділікті тексеруге бағытталған тактикалық, шабуыл, құтқару операцияларын қамтитын жарыстарға қатысады.
UAE SWAT Challenge-дің негізгі міндеттері —арнайы мақсаттағы жасақтардың бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру. Өйткені, жарыстар олардың нақты қиындықтар мен күнделікті тәуекелдерге қарсы тұру дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Бес күн ішінде жарыстың қатаң бәсекелестік күресінде арнайы бөлімшелердің әскери қызметшілері түрлі тактикалық тапсырмаларды орындайтын болады. Оның барысында кедергілер еңсеріледі, түрлі қарулардан: мергендік мылтықтардан, тапаншалардан және пулемет-тапаншалардан нысанаға ату орындалады. Сондай-ақ, жарыс бағдарламасында кепілге алынғандарды босату және жаралыларды эвакуациялау бойынша жеке жарыстар болады.