Атыраудағы су айдындарында оттегі жетіспеушілігі салдарынан балықтардың жаппай тұншығу қаупінің алдын алу мақсатында Еркінқала ауылдық округіндегі "Сарыөзек" каналының су айдындарында арнайы шаралар қолға алынды. Аэрация жұмыстары барысында ойықтар мен үкілер ойылып, суға оттегі жіберілуде.
Бұл шаралар Қазақстан Республикасының "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Заңының 10-бабы 2-тармағының 5-1 тармақшасына сәйкес, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен Атырау балық инспекциясы бөлімінің ұсыныстары негізінде ұйымдастырылған. Жұмыстар ауылдық округ әкімдігі мен жергілікті шаруашылық құрылымдарының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Еркінқала ауылдық округі әкімдігі бұл шаралардың балықтардың жаппай қырылуын болдырмауға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға үлкен үлес қосатынын мәлімдеді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ