Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының 1-бөлігі мен 6-бөлігі бойынша 31 млрд. теңге көлеміндегі әкімшілік (экологиялық) айыппұлға қатысты Маңғыстау облысы Қарақия аудандық сотының 2024 жылдың 4-ші желтоқсандағы қаулысын қайта қарау және оның күшін жою туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ұсынысын енгізу туралы өтінішхат әзірлеуде.
Сонымен бірге, қазіргі уақытта «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мұнай жылыту пештерінен қоршаған ортаға ластаушы заттардың нормадан тыс эмиссия фактісі бойынша Маңғыстау облыстық сотына бірінші сатыдағы соттың 2024 жылғы 11 желтоқсандағы 1,2 млрд.теңге көлемінде айыппұл өндіру туралы қаулысына апелляциялық шағым түсіргенін хабарлаймыз. Қарау күні белгіленбеген.
Соттың 2024 жылғы 11 желтоқсандағы қаулысы заңды күшіне енген жоқ".
Сонымен қатар, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік заңнамасын мүлтіксіз сақтайтын әлеуметтік жауапты кәсіпорын екенін мәлімдеді. Ал, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының экологиялық саясатындағы ең маңызды басымдықтарының бірі болып қала беретінін жеткізді компания өкілдері.
Еске сала кетсек, 13 қаңтарда Маңғыстау облысының прокуратурасы осы компанияға айыппұл салынғаны туралы хабарлама таратқан еді.