Атыраулық әлеуметтік желі парақшаларында Жылыой ауданындағы патрульдік полиция қызметкерлері жол апаттарының алдын алу мақсатында құрбан шалды деген ақпарат тарады. Алайда, Атырау облысының полиция департаменті бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын айтып отыр.
Полиция департаментінің ресми ақпараты:
"Бұл 11 қаңтарда болған жағдай. Жылыой ауданында жергілікті кәсіпкер әйел жол апаттарының алдын алу ниетімен садақа бергісі келетінін айтып, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Патрульдік полиция қызметкерлері оның өтініші бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға ет пен азық-түлік себеттерін жеткізуге жәрдемдескен.
Дегенмен, әлеуметтік желіде тараған видеоматериалдарға сүйеніп, жол апатының алдын алу үшін “полиция құрбан шалды” деген қауесет тараған болатын. Бұл оқиға қоғамда пікірталас тудырып, ақпаратты тексеріп тарату маңыздылығын қажет етті.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ