2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Атырау қаласы және Атырау облысының Мақат ауданындағы су тарифтері тіршілік нәрінің көлеміне байланысты 4 кіші топқа бөлінді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жаңадан бекітілген бағағс сәйкес бір адамға шаққандағы текше метр судың құны төмендегідей:
1-ші топ бойынша айына 3 текше метрге дейін су пайдаланатын тұтынушыларға тариф — 123,20 тенге;
2-ші топ бойынша айына 3-5 текше метр аралығында су пайдаланатын тұтынушыларға тариф — 147,84 тенге;
3-ші санат бойынша айына 5-10 текше метр аралығында су пайдаланатын тұтынушыларға тариф — 184,80 тенге;
Ал 4-ші санат бойынша айына 10 текше метрден жоғары су пайдаланатын және су есептегіші жоқ тұтынушылар үшін тариф 246,40 тенгені құрайды.
- Биылдан бастап өңірде су тұтынудың жаңа коэффициенттері күшіне еніп, 4-ші санаттағы тарифтер 2 есеге көтерілді. Осыған байланысты су есептегіштерді орнатпаған жағдайда төлемнің әлдеқайда жоғары болатынын ескертеміз. Нақты тұтынылған көлемге ғана ақы төлеу үшін су есептегішті орнатуды ұсынамыз,- деді «Атырау облысы Су Арнасы» КМК өткізу бөлімінің жетекші маманы Гүльмира Сдыхова.
Айта кетейік, 2024 жылдың желтоқсан айында электроэнергия бағасының көтерілуі салдарынан су таратушы желілер мен магистральдық құбырлар арқылы реттеліп көрсетілетін қызмет бойынша «Атырау облысы Су Арнасы» КМК тарифтеріне өзгерістер енгізілді. Жаңа жүйенің негізгі мақсаты — тұрғындарды суды үнеммен тұтынуға шақыру. Тіршілік нәрі адам басына неғұрлым аз тұтынылса, тариф соғұрлым қолайлы болмақ.