Атырау, 21 желтоқсан 07:32
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

3 757 просмотра

Сәтпаевтан Майамиге дейін

Қарағанды облысы Сәтпаев қаласында 1998-2000 ж.т. жасөспірімдер арасында дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтті.

Облыс құрамасы сапында 50 келіге дейін салмақта «күміс» ұтқан Арман Есқазиев, сондай-ақ үшінші жүлделі орын алған Есімхан Табылдыұлы (55 келіге дейін) мен Саян Қайырғалиевтар (66 келіге дейін) жетістікке жетті.

27 шілдеде атыраулық дзюдошылар Қанат Сейілхан мен Фархад Серіков Майамиде өтетін 1996-97 ж.т. жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына кетті.

***

 

Асу бермес Маңғыстау: Бізге легионерлер де көмектеспеді

26 шілдеде Ақтөбеде Жұбанов атындағы университеттіңспорт залында Қазақстан Бокс федерациясы кубогыныңширек финалдық ойындары аясында «Батыс» тобындаАтырау және Маңғыстау облыстарының құрамалары кездесті.

Биыл Кубок өткізу ережелеріне өзгертулер енгізілді. Егер бұрын матчтық кездесулер 1/8 финалдан басталып, ұтылып қалған құрама жарыстан шығып қалатын болса, қазір жарыстар ¼ финалдан басталады. Топ ішінде (біз «Батыс» тобындамыз) матчтар айналма түрінде өтеді: жеңіске бір ұпай берілсе, ұтылысқа – 0.

Бұл ереже құрамамыз үшін жетістікке жету мүмкіндігін береді. Кубок осымен төртінші рет ойналып тұр. Біздің боксшылар бірінші айналымда үш рет жеңіске жетті (2 рет Батыс Қазақстан облысының, бір рет Ақтөбе облысының құрамасын жеңді), алайда екінші айналымда Маңғыстау облысынан ұтылып қала беретін. Ал өткен жылы ақтаулықтар Федерация кубогын ұтып алған. Қазіргі ереже бойынша, біздің құрама Ақтаудан ұтылса да, келесі айналымға шығуға мүмкіндігі бар. Ол үшін  БҚО мен Ақтөбе құрамаларын ұту қажет.

Естеріңізге сала кетсек, Атырау бокс федерациясының басшылығы Кубок алдында жаңа бапкер – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының аға жаттықтырушысы Қанат ОРАҚБАЕВТЫ шақырған болатын. Ол құрама сапына Шымкенттен өзінің 5 шәкіртін алдыртқан еді. Осылайша, өзінің кәнігі қарсыласымен айқасуға Атырау құрамасы 5 «жергілікті» атыраулық боксшыны және 5 легионерді қосты. Ақтаулықтар бізге қарсы ең мықты құрамын шығарды – олардың қатарында 2 Азия чемпионы мен Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов те бар.

49 келіге дейінгі салмақта ақтаулық Қуаныш Сәрсенбаевқа қарсы жұмыскерлік Рашид Салауатов шықты. Ол барлық үш төрешінің шешімі бойынша 0:3 есебімен ойсырай ұтылды.

56 келіге дейін салмақта құлсарылық Аман Тоқтарбаев жастар арасындағы Азия чемпионы, ҚР чемпионатының қола жүлдегері Қанат Көптілеуовты айқын басымдықпен жеңді – 3:0, бұл біздің алғашқы жеңісіміз!

60 келіге дейін салмақта шымкенттік Сапарғали Тоғызбаев 2013 жылғы Азия чемпионы Берік Абдрахмановтан 0:3 есебімен ұтылды.

64 келіге дейін салмақта біздің құрама сапындағы тәжірибелі шебер Азамат Досмағамбетов Мәулен Өскенбаевты сенімді ұтты, есеп – 2:1. Бұл екінші жеңіс!

Атырау құрамасының үш өкілінің айқасы «құрғақ есепті» жеңіліспен аяқталды: 69 келіге дейінгі салмақта құлсарылық Жасұлан Қапаровты Мұнайлы елдер кубогының иегері Сүлеймен Бердукаев, шымкенттік Сухраб Құраловты Ерік Әлжанов, шымкенттік Тоқтар Оспановты Әділбек Ниязымбетов оңай ұтты.

Келесі 91 келіге дейінгі салмақта шымкенттік Нұрлан Нұрсейітов 3:0 есебімен Мағжан Базарбайдан басым түсті. Қорытынды айқаста 91 келіден жоғары салмақта біздің аса ауыр салмақтағы боксшымыз Дастан Құрманбеков Балқожа Әділбекке 1:2 есебімен есе жіберді.

27 шілдеде облыс құрамасы ақтөбеліктермен болған матчтық кездесудің 4 айқасында ұтып, алтауында жеңіліп қалды. 28 шілдеде біздікілер Батыс Қазақстан облысы құрамасын жеңді: 8 жеңіс және 2 ұтылыс. Кубок жартылай финалына, бәрі күткендей, Маңғыстау облысының құрамасы шықты.

***

 

Болашақ баскетболшыларымыз бәрін ұтты

Қостанай облысының Лисаковск қаласында 1998 ж.т. жасөспірімдер арасында «Арай-Холдинг Кубогы» 17-ші дәстүрлі баскетбол турнирі мен 1999-2000 ж.т. балалар арасында «Арай-Орал» Қазақстан-Ресей баскетбол лигасының финалы өтті. Екі турнирде де атыраулық командалар керемет өнер көрсетті.

Облыстың аға жаттықтыру-шысы Амантай Торғаев басқаратын «Атырау-98» командасы бір топта Қазақстанның қазіргі чемпионы – қостанайлық «Тобыл», күміс жүлдегер «Ақтөбе» командаларымен, Павлодар, Ор және Түмен қалаларының ұжымдарымен бірге ойнады және барлығын да жеңді. Жартылай финалда «Атырау-98» Петропавловскіден келген команданы ұтты. Шешуші ойында біздің ойыншылар алаң иелерімен кездесуі керек еді, алайда матч кейінге шегерілді. «Атырау-98» командасы кешкі пойызға билет алып қойғандықтан, турнирден кетуге мәжбүр болды. Нәтижесінде – 3-орын. Осы жетістікке Ілияс Жүнісов, Артем Парфенов және Рымбек Сағынғалиевтар үлкен үлес қосты.  

Қазақстан-Ресей баскетбол лигасының финалына Саламат Торғаев жаттықтыратын «Атырау-99» командасы қатысты. Ор қаласында өткен жылғы қазанда болған 1-тур қорытындысы бойынша біздің команда 1-орын алған. Лисаковскіде болған 2-турда екінші орын иеленді. Орынборда өткен 3-турда тағы да бірінші болды. Лисаковскідегі қорытынды турда біздің балалар қарсыластарына еш мүмкіндік берместен, барлық матчта да жеңіске жетті. Айта кететін жайт, турнир бағдарламасында баскетболмен қатар стритболдан, мини-футболдан, жүзу мен эстафетадан жарыстар ұйымдастырылды. «Атырау-99» командасы мұнда да жақсы өнер көрсетті. Әділхан Марат, Ілияс Нағимов, Олег Балашов және Ерғанат Қайрошевтар үздік ойыншылар болып танылды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

1 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.