Атырау, 21 желтоқсан 07:10
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Жалғыз «Атырау» емес

4 512 просмотра

Атырауда Премьер-лигада ойнайтын қала аттас командамен қатар басқа да футбол тарихы бар. Бұл жайында біз облыстық футбол федерациясының вице-президенті Эдуард ХИСМЕТУЛЛИНМЕН сұхбаттастық.

АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АРДАГЕРЛЕР МАТЧЫ

- Біздегі «екінші деңгейлі» футболдың жағдайы қалай?

-Өткен жылы облыс чемпионатына 19 команда қатысты. «Мәтен» командасы жеңімпаз атанса, «күмісті» «АМӨЗ», «қоланы» «Коммеск-Өмір» командасы иеленді. Атырау Кубогының иегері - «Мұнайшы» СК. Облыстық чемпионаттың жүлдегерлері Қазақстан Кубогының аймақтық кезеңдеріне қатысты. Ол жарыста «АМӨЗ» бен «Коммеск-Өмір» алдын ала айналымнан өтіп, 2-9 қыркүйекте болатын финалдық кезеңге жолдама алды. Өткен жылғы Атырау қаласы бірінші лигасының ашық чемпионатында «Кейкi-Жұмыскер», «Атырау-Жарық» және «Мелиоратор» командалары жүлдегер атанды (1-орыннан 3-орынға дейін сәйкесінше). Олар биыл Атырау қаласы Жоғары лигасында өнер көрсету құқығына ие болды.

Өткен маусым нәтижелері бойынша үздіктер мыналар: балалар бапкері Тимур Үкібаев («Атырау» ФК), әуесқой лига бапкері Нұрлыбай Нұрғалиев («Мәтен»), қақпашы Азамат Мүтиғоллаев («Мәтен»), қорғаушы Радик Айтжанов («Мұнайшы» СК»), жартылай қорғаушылар Бахтияр Нұржұмаев («АМӨЗ») және Әнуар Ізмағанбетов («Коммеск-Өмір»), сұрмерген Данияр Кенжалиев ( «Мұнайшы» СК). Жыл футболшысы болып Дамир Нұрибеков («Мәтен») танылды.

Эдуард Ғаббасұлы Хисметуллин, 44 жаста, 2005 жылдан бері облыстық футбол федерациясының вице-президенті.Эдуард Ғаббасұлы Хисметуллин, 44 жаста, 2005 жылдан бері облыстық футбол федерациясының вице-президенті.Атырау Жоғары лигасының чемпионатында қазір 11 команда, Бірінші лига чемпионатында 10 команда өнер көрсетеді. Бүгінде командалар екі тур ойындарын өткізді. 

Өткен жылы Атырау қаласының құрамасы Оралда өткен Халық ойындарына қатысып, жартылай финалға жетіп, нәтижесінде 4-орын алды. 2010 жылы «Мұнайшы» командасы әуесқой командалар арасындағы Қазақстан Кубогында қола жүлдегер болды. Атырау селолық округының командасы өткен жылғы «Ақ бидай» республикалық ауыл спартакиадасының чемпионы атанды.

- Ардагерлер футболының жағдайы қалай?

- Өткен жылы Қарағандыда Атырау қаласының ардагерлер құрамасы футбол ардагерлері арасындағы республикалық спартакиадада күміс медальға ие болды. Тағы бір жергілікті ардагерлер ұжымы Алматыда өткен футзалдан Қазақстан чемпионатының жартылай финалына қатысты. Өткен жылдың қазанында «ҚазМұнайГаз» АҚ облыстық футбол федерациясымен біріге отырып, КСРО футбол ардагерлер құрамасы мен Атырау қаласы ардагерлерінің арасында матч ұйымдастырды. Қаламызға аты аңызға айналған өткен жылдар футболшылары Игорь Беланов, Ринат Дасаев, Олег Романцев, Юрий Гаврилов және тағы басқалар келді. Қонақтар қала кубогы финалына қатысып, жеңімпаздарға Кубок тапсырды, сондай-ақ «Атырау» ФК дайындық тобы шәкірттеріне шеберлік сыныбын көрсетті.

 

БОС ТҰРҒАН АЛАҢҚАЙЛАР

- Ал футзал ше?

- Футзалдан ашық облыс чемпионаты бес лигада өтеді және онда барлығы 54 команда ойнайды. Облыс кәсіпорындарының командалары көшбасшылар қатарында. Командалар құра-мында мұнай компанияларында жұмыс жасайтын шетелдіктер де бар. Ойындар демалыс күндері үш спорт залда өтеді. Осы жылы Премьер лигада «Алламан-Цеснабанк» чемпион атанды, «күміс» «АМӨЗ»-дің, «қола» «Мәтеннің» еншісінде.

Бірінші лигада да мықтылар анықталды (1-орыннан 3-орынға дейін сәйкесінше). Олар: «ҚМГ-Өнімдері», «ЕмбіМұнайГаз» және «Атырау-Жарық». «Ардагерлер лигасында» екі жыл қатарынан «Аэропорт» үздік атанса, 2-орында «Болат», 3-орында «Каспий» командалары. Премьер-лиганың 2013 жылғы үздік ойыншылары: қақпашы Андрей Сатаев («ТШО»), қорғаушы Нұрсұлтан Зарипов («Мәтен»), шабуылшы Әлімжан Мұхамбетов («КеденТрансСервис»), бапкер Бағытжан Оспанов («АМӨЗ»), сұрмерген Қанат Мусин («АМӨЗ»). «Маусымда танылған ойыншы» болып Қуаныш Қалмұратов («Залина») танылды, ең пайдалы ойыншы Айбек Айталиев («Алламан-Цеснабанк»), үздік төреші Андрей Андреев атанды.

Наурызда «Атырау» ДСК-нде тұңғыш рет «Олимп» букмекер кеңсесінің кубогы турнирі өтті. Жарысқа Ақтау, Орал, Ақтөбе және Атырау чемпиондары қатысты. Кубокты «Морпорт» командасы Ақтауға алып кетті.

2011-12 жылдары қалалық жағажайда жағажай футболынан турнир өткізілді, оған 6 команда қатысты. Атырау селолық округының командасы екі рет жеңімпаз атанды. 2009 жылы «Мұнайшы» командасы жағажай футболынан Қазақстан кубогіне қатысып, 4-орын алды.

Облыста соңғы жылдары жүзден аса мини-футбол алаңқайлары салынды. Алайда олардың 10-15%-нда ғана ойындар жүріп жатыр. ПИК-тер тарапынан алаңқайлардың жағдайына жауап беретін адамдар белгіленбеген.

Футболды насихаттау мақса-тында былтыр «Мини-футбол лигасын» құрдық. Бірінші МФЛ чемпионатына қала бойынша 16 команда, облыс бойынша 13 команда қатысты. Ойындар Авангардта, Жилгородокта, СМП-да, Привокзальныйда және Алмагүлде салынған алаңдарда өтті. Биыл МФЛ чемпионатында 28 команда қатысуда, ішінде Мақат, Махамбет және Жылыой аудандарының командалары да бар.

- Футболда төрешілердің сапасы үлкен мәнге ие...   

-Атырауда Қазақстан чемпионаттары мен Кубогына төрелік етуге құқық беретін сертификаттары бар төрешілер саны көбейіп келе жатыр. Қазіргі уақытта 6 төрешіміз Премьер-лига мен бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионаттары ойындарына төрелік етіп жүр. Анатолий Ходин халықаралық дәрежедегі төреші болса, Самат Шарипов ұлттық санаттағы төреші болып табылады. Облыстық турнирлерге қызмет көрсететін 10 төрешіміз бірінші санатқа ие.

- Облыстық федерацияның жақын болашақта қандай жоспарлары бар?

-  Әйелдер футболы топтарын ашуды жоспарлап отырмыз. Әйелдер футболынан облыстық турнир өткізу де ойымызда бар. Қыркүйек айында Алматыда өтетін УЕФА жаттықтырушылары семинарына әуесқой чемпионаттың 5 үздік бапкерін жіберетін боламыз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

1 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.