Атырау, 26 желтоқсан 19:14
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Мен төледім. Басқа не керек?

3 566 просмотра

Құрманғазылықтар алаяқтық құрбанына айналды

«АЖ»-ға Құрманғазы ауданының Котяевка селосынан Яков ИСМАҒҰЛОВ қоңырау шалып, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның оларға 2012 жылдың қараша-желтоқсан айындағы бережақ төлемді мойындарына іліп қойып отырғандығына шағымданды:

– Олар сол кезде біздің «ҚазТрансГаз Аймаққа» емес, басқа мекемеге төлегенімізді айтады. Газды біз «Қазпоштаның» аудандық бөлімшесіне төлейміз, біздің төлеміміздің қайда кетіп жатқанын қайдан білейік? Қазір менде 3 803 теңге қарыз жазылған. Басқа тұрғындарда 15-20 мыңнан. Біз енді ағымдағы есеп-шоттарды төлей алмаймыз, өйткені поштада төлемді қабылдамайды. Қарызымызды төлемейінше, қабылдамайтындарын айтады. Егер біз қараша-желтоқсанда «ОблТрансГазға» төлеген болсақ, онда кәсіпорындар өзара шешсін деп ойлаймын, біздің бұған қатысымыз қандай? Бізді борышкер етіп, алдағылары келеді.

Зейнеткердің айтуынша, қарыз сомасы есепшоттармен бірге келеді екен:

– Әр әкелген сайын әртүрлі сома келеді. Бастапқыда, қаңтарда менің қарызым 14 000 теңгені құраған, содан кейін біртіндеп азайып, соңғы шілдедегі есепшотымда 3 800 теңге белгіленіпті.

Біз комментарий алу үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на хабарластық, бірақ ондағылар халықтың есепшотымен «КҚЕО» (коммуналдық қызметтер үшін есеп айырысу орталығы) ЖШС биллингтік компаниясы айналысатынын айтты. Бұл облыстағы тұрғындармен жұмыс істейтін оператордың мердігері іспеттес мекеме (есептегіштің көрсеткіштерін алып, есепшот жазып береді). Біз КҚЕО директоры Салауат ҚАДЫРҒАЛИЕВПЕН хабарласқан едік. Оның айтуынша, екі оператордың – «ОблТрансГаз» КМК мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның ауысу аралығында облыстағы газ тораптарын «Атырау газ жүйелері» ЖШС иеленген.

– Бұл кәсіпорын іс жүзінде сол кездегі облыс әкімі РЫСҚАЛИЕВҚА тиесілі болатын, - дейді Қадырғалиев. – ЖШС бар болғаны үш ай жұмыс жасап, содан соң оны таратты. Олар бүкіл газ жүйесін жеке қолға алғылары келді. Осы кезеңде Құрманғазы ауданының абоненттері газ үшін «Қазпоштаның» аудандық бөлімшесіне төледі. Ол жерден ақшаны бірден «Атырау газ жүйелеріне» аударатын. Қазір оның басшылығы мен құрылтайшылары қашып жүр. Халық осы ЖШС-ні сотқа беруі тиіс.

– Бірақ халықтың қатысы қандай бұған?

– Жалпы, операторлардың ауысуына қатысты өзгерістер басталғанда аудандық «Қазпошта» газ үшін төлемдерді қабылдауды тоқтатуы тиіс еді. Біз Құрманғазы ауданына барып, аудандық прокуратурамен сөйлесіп, әр ауыл әкімі халықтан сол кездегі төленген есепшоттардың көшірмелерін жинап, сотқа беруі тиіс деп ұйғардық. 

Неліктен адамдарға ағымдағы есепшоттарды төлеуге тыйым салған?

– Мен бұл жағынан бейхабармын. «ҚазТрансГаз Аймақтан» сұраңыз.

 

ҚАУІПТІ ҚАТЕЛІК

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау  өндірістік филиалының директоры Елдар ТАҒАШ біздің жазбаша сауалымызға былай деп жауап берді: «1. Атырау облыстық әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында 27.09.2012 жылы жасалған меморандумға сәйкес, 2012 жылдың 1 қарашасынан бастап Атырау облысы бойынша газбен жабдықтауды бұрын қызмет еткен мекемелердің, атап айтқанда, «ОблТрансГаз» КМК мен «Атырау облыстық газ жүйелері» ЖШС-нің құқықтық мирасқоры боп табылмайтын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы жүзеге асырады.

20.10.2012 жылы жергілікті БАҚ-тарда 4.07.2012 жылғы ҚР үкіметінің №907 қаулысымен бекітілген тұрмыстық тұтынушыларға тауарлық газды бөлшектеп сату келісімшарты жарияланды. Бұл келісімшарт «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ӨФ-ның барлық аудандық газ учаскелеріне, соның ішінде Құрманғазы ауданындағы учаскеге таратылды. 

Алайда 2012 жылы Құрманғазы ауданы бойынша қараша мен желтоқсан үшін төлем біздің филиалымыздың есепшотына ақыры түскен жоқ. Бұл ақшалай қаржылар «Қазпошта» АҚ арқылы «Атырау облыстық газ жүйелері» ЖШС-нің есепшотына қателесіп аударылған. Алайда ұсынылған түбіртектерде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау ӨФ атауы көрсетілген. Осыған байланысты Құрманғазы ауданының жеке тұлғалары біздің кәсіпорын алдында бережақ боп қалған.

Бұл жағдайда тұрғындарға қате төлен-ген ақшалай қаржыларды қайтару үшін «Атырау облыстық газ жүйелері» ЖШС-не немесе ақшалай қаржыларды өндіріп алу үшін сот органдарына жүгінулері керек.

2. «Қазпошта» АҚ кассасы арқылы газ төлемдерін қабылдауға тыйым салу туралы мәселеге келер болсақ, бұлай болуы мүмкін емес. Өйткені біздің мекемелеріміздің арасында төлем қабылдау туралы келісімшарт жасалған. Соған сәйкес, «Қазпошта» АҚ кассалары тұтынылған газ көлемі үшін тұрғындардан төлемдер қабылдауға міндетті. Біздің тарапымыздан «Қазпошта» АҚ-на ақшалай қаржыларды қабылдауға тыйым салу туралы ешқандай – ауызша да, жазбаша да өкім берілген жоқ».

Бірақ тұрғындардың «Қазпошта» аудандық бөлімшесі арқылы қараша-желтоқсан айлары үшін тиісті есепшоттарды төлегені факті ғой. Бұған құрманғазылықтардың қолдарындағы түбіртектер дәлел бола алады. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ӨФ басшылығы төлемді жергілікті пошташылардың «Атырау газ жүйелері» ЖШС-нің есепшотына қателесіп аударып жібергенін мойындап отыр. Бұл жерде «қателік» кімнен? «Қазпошта» аудандық бөлімшесінің бе, әлде төлемді қабылдаған бір оператордың қателігі ме, түсініксіз. Алайда қалай дегенмен де тұтынушылардың бұл жерде қатысы жоқ. «Қазпошта» АҚ-мен немесе ендігі қызмет етпейтін «Атырау газ жүйелері» ЖШС-мен бұл мәселені монополисттің өзі шешуі тиіс. 

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

1 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.