Бұл күштік электр кабелі (суретте) «Жеті қазына» тұрғын үй кешенінің аумағында - №3 және №4 үйлердің арасында жер бетіне сәуір айынан бері шығып тұр. ПИК айналасына символикалық қоршау орнатып, қызыл ленталармен орап қойды. Алайда бұл балаларды тоқтата ала ма?
«Осы мәселені шешуге газеттеріңіздің атсалысуын сұраймыз, - деп хабарласты тұрғындар. – Бұл кабельдерді кешен құрылысы кезінде жүргізген, алайда кейбір жерлері жер бетіне шығып, аулада ойнап жүрген балалардың өміріне қауіп төндіреді. Біздің ПИК бірнеше рет қалалық әкімдік пен «Атырау-Жарыққа» хабарласқан, бірақ одан еш нәтиже шықпады».
«Жеті Қазына» ПИК-нің есепшісі Роза ҚУАНТАЙДЫҢ айтуынша, кабель жер бетіне 6 сәуірде шыққан.
- Біз кабельді байқаған бойда қала әкімі АЙДАРБЕКОВКЕ хабарлап, желі шұңқырын тереңдетсін деп Атырау-Жарыққа да хат жаздық, - дейді Р. Қуантай.– Барлық пәтерлерге ескерту хабарландыруларын ілдік. Сол күні Атырау-Жарықтан апат бригадасы келіп, қарап шығып, «ақша төлесеңіздер, жасап береміз» деді. Егер осы ТБ-20 (тарату бекеті) трансформаторлық подстанция солардың балансында тұрса, біз неге ақша төлеуіміз керек? Подстанция тұрғын үй кешенінің аумағында орналасқан, алайда ол тұрғын үйлермен қатар «Тамаша» ойын-сауық кешенін және «Жеті Қазына» қонақ үй кешенін, қасында салынып жатқан коттедждерді де электрмен қамтиды. Бұл 10х14 көлемді үлкен подстанция, біз оған кіре алмаймыз, құқығымыз жоқ. Қаншама уақыт өтті, балаларымызға бір нәрсе болып қала ма деп қорқамыз. Біздің хатымызды қала әкімі қалалық ТКШ бөліміне жіберді . ТКШ де «бізге екі өзбек беріңдер, кабельді көміп тастайық» дейді».
Біз «Атырау-Жарық» АҚ-ның қалалық желілер бөлімінің бастығы Ғабиден ҚАНАТОВҚА хат жолдадық. Ол былайша жауап қайырды:
«0,4 кВ күштік кабелі ТБ-20-дан «Жеті Қазына» тұрғын үй кешені аумағымен бес қатарлы тұрғын үйге дейін тартылған. Тұрғын үй кешені құрылысы кезінде кабель жүргізген мердігер компания ҚР ЭҚЕ талаптарын бұзған. Құжаттарды қарап, осы мердігер ұйымды тауып, жұмысты кері жасауды міндеттеу керек.
ТБ–20-да коммутациялық аппараттар, шұғыл кері қосылуға арналған электр жабдықтары, сондай-ақ электр қуатын түрлендіруге арналған күштік трансформаторлар орнатылған. ТБ-20-ның ашық жатқан 0,4 кВ кабеліне еш қатысы жоқ.
«Атырау-Жарық» АҚ Қалалық желілерінің кезекші бригадасы ТБ-20-дан электрді айыруға әзір. Алайда «Жеті қазына» ПИК ескертулерді жою бойынша жұмыстар үшін электр қуатын айыру күні мен кезеңі, сондай-ақ осы кабель тартылған үйдің атауы көрсетілген хат жолдауы керек».
Қалалық ТКШ-ның жолаушылар көлігі, энергетика және байланыс бөлімінің бастығы Қуаныш ИБРАГИМОВ:
- Біз «Атырау Жарыққа» хат жаздық. Олар бұл кабель біздің балансымызда емес деп отыр. Алайда әкімдікте мамандандырылған бригада жоқ. ПИК-нің өзі де кабельді 60 см тереңдікке көме алады ғой. Трансформатор да, кабель де біздің балансымызда емес – мердігерлер коммуникацияны үймен бірге салып, бәрін бірге ПИК-не тапсырған. Құрылыс компаниясы ереже бұзған, бірақ оны қазір қайдан табасың?
...Ал кабель әлі күнге дейін адам өміріне қауіп төндіріп тұр.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ