Атырау, 26 қараша 03:32
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Жиырма сиырды жер жұтты ма?

1 949 просмотра

Биылғы қуаңшылық онсызда өмірлері қиын ауыл тұрғындарына ауыр тиді. Индер ауданы Елтай ауылының маңында өсіп тұрған шөптер күннің қызуына өртеніп, айнала аққұйқаланып, тап-тақырға айналған. Тұрғындар төрт-түлік малын қырып алмау үшін қырдағы шаруалардың бағымына беруге амалсыздан келіскен болатын.

- Біз сәуір айында «Елші» учаскесіндегі мал бағумен айналысатын бақташыға малымызды қосқан болатынбыз, -дейді Тасқали ТЕМІРБОЛАТОВ, Мәжит ҚҰРМАШЕВ, Байжан ҚОҢҚАШЕВ, Бағытжан МҮБАРАКОВ.– Ол бір бас ірі қара малды бағу үшін айына 1 000-1 500 теңге, ал қой, ешкі үшін 400-450 теңге алады. Маусымның 20-сында ол бізге 19 сиыр мен бір өгіздің жоғалып кеткенін хабарлады. Қатты жаңбыр жауғандықтан біз малымызды іздестіруге төрт күннен кейін шықтық. Ал 1 шілдеде аудандық ІІБ-не арыз түсірдік.

Айтпақшы:

Жыл басынан бері Индер ауданында 4 бақташы ресми тіркелген. Аудандық салық басқармасының бастығы Бекболат БИСЕНБАЕВТЫҢ айтуынша, жеке кәсіпкерлерді тексеру және тізімдерін жасап беру округ әкімдерінің міндетіне жатады. Оларға бұл туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Бірақ, малшылар заң негізінде жұмыс істеуге құлықсыз.

Тағы бір проблема, мал иелері бақташымен арада келісімшарт ресімдеген. Ауызша келісіп, ай сайын қолына қызметі үшін ақысын төлеп тұрған.

Бақташының зайыбысол күні түстен кейін Бағырлай каналынан су ішкен малдың тең жартысын үш сағаттан кейін таппай қалғанын айтады.     

- Өткен жылы даладағы жайылыста жүрген жылқы, сиырларын жоғалтқандар болды, менің екі жылқым кетті. Ауылдықтар малдарын іздеп, таппаған соң, ақыры бәрі қалады,- дейді Тасқали Темірболатов. - Бірақ полицияға шағым түсірмейді.

Ал Индер аудандық ІІБ бастығы Ербол УНГАРОВ жоғалған сиырларға қатысты факті бойынша ҚР ҚК 175-бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Және үш қызметкер күн сайын мал іздестірумен айналысуда екен. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

1 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.