Атырау, 27 желтоқсан 02:00
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Қызылқоғадағы су тапшылығы

6 497 просмотра

Қызылқоға ауданына қарасты Миялы селосы, Жасқайрат, Жанкелдин ауылдарындағы су тапшылығы жергілікті тұрғындарды қатты алаңдатып отыр. 

Мәселені «ҚазСуШар» РМК-ның Қызылқоға филиалы мамандары да растап отыр. Қазір бұл ауылдарда тәулігіне үш мезгілден екі сағаттан су берілуде.

«ҚазСуШар» РМК-ның Қызылқоға филиалының мамандары су жеткізуге байланысты уақытша іркілістер су ұңғымаларына жөндеу жүргізгеннен кейін қалыпқа келер деп үміттенгенін айтады.

- 2010-2011 жылдары зерттеу жүргізген «Атыраугидрогеология» ЖШС-і Қарасу жер бөлігінде орналасқан Миялы жерасты су қорының күрт азайғанын мәлімдеген еді. Мәселен, 1969 жылы тұщы су қорының ауданы аумағы 10,2 кмболса, екі жылда 2,75 км болып кеміген, -дейді «ҚазСуШар» РМК-ның Қызылқоға ауданы филиалының бастығы Сайлаубек ТЕМІРҒАЛИЕВ. - Үш есеге дейін судың төмендеп кетуі су ұңғымаларын жөндеумен бітпейтіні белгілі болды. Ал онсызда аз суды жұртшылық қалай болса солай пайдаланады, үнемдеу жоқ. Малына, басқаға да жұмсайды. Біз халықты «судың да сұрауы бар екеніне» үйрете алмаудамыз.

Аудан әкімдігі жағдайды шиеленісті деп дүрлігудің жөні жоқ деді. Олардың пікірінше, ауыз су деңгейінің төмендеп кетуі соңғы жылдары өр суының тасымай қалуынан туындап отыр. Егер Ойыл өзені молығып жатса, жерасты ащы суымен үндесіп, бірін-бірі толықтырып тұрар еді.

- Бізге төрт су ұңғымасын қазу үшін қаржы керек, -дейді Қызылқоға ауданы әкімі Мақсот МҰҚАНОВ. -Және Тайсойғанның суын Жанкелдин ауылына әкелсе, су тапшылығынан құтқарылып қоймай, Миялы мен Жасқайрат Қарасудың суын еркін пайдаланар еді. Тағы бір мәселе, жерасты ащы суын тұщыландыру. Ол үшін су тазарту қондырғысын салу қажет. Су тапшылығын Ақтөбе облысының Ойыл ауданы да бастан кешіруде. Өйткені өр суы Ойыл жақтан келеді ғой. Қалай еткенде ауыз сумен қамтамасыз етудің шаралары қолға алына бастады. Бұл мәселелер жуырда шешіледі деп ойлаймыз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

1 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.