2025 жылдан бастап кімнің шотына 100-ден астам аударым түссе, тексерілетіні белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кірістер комитеті Ұлттық банк рұқсат берсе, мобильді аударымдарды бақылау үшін жаңа тәртіп енгізеді.
Ереже қандай?
Үш ай бойы қосымшаға түскен қаржы көлемі 3 төменгі жалақыдан аспауы керек. Бұл шамамен 255 мың теңге. Егер одан асып кетсе, салық органдары тексеруге кіріседі.
Қаржы министрлігі Жеке тұлғалардың табыстарын әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы аударым қалай тексерілетінін түсіндірді.
Егер салық хабарламасымен келіссе, жеке тұлғалар салық есебін тапсыру арқылы 10% көлемінде жеке табыс салығын төлейді, ал егер жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, онда белгіленген салық мөлшерлемесі бойынша салық төлеуге міндеттеледі. Ал егер хабарламамен келіспесе, онда түсінік бере алады, - дейді сарапшы.
Салық органдарына мұндай азаматтардың тізімін екінші деңгейді банктер беріп отырады.
Кәсіпкерлікпен заң жүзінде тіркелмей айналысатын жеке тұлғалар айыппұл арқалайды. Ереже бұзғандар 15 АЕК (58 980 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Ал кәсіпкерлер заңды қайталап бұзса, онда айыппұл екі есе өседі.
Еске сала кетейік, 2025 жылы 1 қаңтардан бастап 1 АЕК – 3 932 теңге болды.