ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, есірткі бизнесімен күрес басқармасының (ЕКБ) қызметкерлері облыс аумағына марихуананың ірі партиясын алып кірмек болған әрекеттің алдын алған.
Алдын алу шаралары барысында ЕКБ қызметкерлері Атырауда Батыс Қазақстан облысының төрт тұрғынынан тұратын қылмыстық топтың есірткі таратумен айналысатындығын анықтады.
26 шілдеде Индер аумағындағы Орал-Атырау трассасында полицейлер Атырауға бағыт алған көлікті ұстады. Көліктен 2 келі марихуана табылды. Келесі күні ЕКБ қызметкерлері Оралға барып, жергілікті жедел топ қызметкерлерімен бірігіп, пәтерлердің бірінен қылмыстық топтың қалған үш мүшесін ұстады. Тінту кезінде пәтерден сатуға әзірленіп, марихуана салынған 136 сіріңке қорабы табылды.
Төртеуі де қазір Атырау қаласындағы уақытша ұстау изоляторында отыр. ҚР ҚК-нің 235-бабы (ұйымдасқан қылмыстық топты құру) бойынша қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешілуде.
Атыраудың «қара базарында» 1 келі марихуана 400-ден 500 мың теңгеге дейін барады, бір сіріңке қорабы 5 мың теңге тұрады, яғни, қылмыскерлерден тәркіленіп алынған марихуана құны шамамен 1,5 млн теңгені құрайды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ