Атырау, 27 желтоқсан 04:44
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Қала бақылауға алынған

2 985 просмотра

«Қаладағы бейнекамералар арқылы бақылауға алынған барлық азаматтық тұлғалар біз үшін ықтимал қылмыскерлер, - деп мойындайды Атырау облыстық ІІД Жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Асылбек МУСАЛИЕВ. – Бірақ шын мәнінде осы камералардың арқасында қылмыстардың көп бөлігі ашылып жатады».

ТҰҚЫЛ ТАСТАСАҢ – ҚАШ!

Қалалық мәслихаттың таяуда болған сессиясындаАтырау қаласының әкімі Серік АЙДАРБЕКОВ мәлімдегендей, биылғы жыл басынан бері қала шеңберінде орнатылған сыртқы бейнебақылау камераларының көмегімен 13 110 әкімшілік құқықбұзушылықтар анықталып, 53 қылмыс ашылған.

Барлығы облыс орталығында 266 камера іске қосылған. Оларға үш жерде - №1 және №2 Атырау ҚІІБ-де және ҚІІБ-нің өзінде жұмыс істейтін 28 инспектор қызмет көрсетеді. ҚІІБ-де бір тәулікте төрт қызметкерден жұмыс істейді, әрқайсысына 30 камерадан келеді. Бейнебақылау инспекторларына ауысым ішінде таңғы ас, түскі ас, кешкі ас және алма-кезек 3 сағаттан демалыс тиесілі. Бір қызметкер демалып жатқанда, оның камерасын екіншісі қарайды.

Қызметкерлеріңіз көздері инеліктің фасетті көздеріндей шығар?

Бәрі кәсіби біліктілікке байланысты ғой. Біздің қызметкерлердің көздері әбден жаттыққан. Олардың мақсаты жасалған қылмысқа қатысты әрекет ету ғана емес, өткіншілер арасынан күдікті, бәлкім, біздің камерамыз орнатылмаған жерде әлденеше жасаған адамдар болса, соларды айыра білу. Әдетте, ондай адамдар басқаларға қарағанда өзін өзгеше ұстайды: жан-жағына жалтақтап, басын мойнының ішіне тығып алады...

Осы күдіктілерге қатысты әрі қарай не болады?

– Бірнеше минуттан кейін оған патрульдік-күзет қызметінің қызметкері жақындап, құжаттарын тексереді, ал әрі қарай жағдайға байланысты.

Бұдан басқа инспекторлар темекі тартып тұрғандарды – тұқылды қайда тастар екен деп бақылайды екен деген сөз рас па?

Иә, бақылаймыз. Егер тұқылды жерге тастаса, сол жерге жақын маңда жүрген патруль барады. Егер ол адам сол жерден кетіп қалса, оны көше аралап іздемейміз. Одан да маңызды істер бар.

Көп адам бақылау камераларының көпшілігі біраздан бері жұмыс істемейді деп пайымдайды...

Бұл жаңсақ пікір. Технология бойынша 146 камера айналып тұрады, ал 120-сы қозғалмайды. Сондықтан да олар жұмыс істемейді деп ойлауы мүмкін. Бірақ кез келген техника секілді, кейде олар да бұзылып қалады. Жалпы, бұзылған камера 10 пайызға дейін болуы мүмкін. Бірақ біздің техниктер оларды уақытында жөндейді. Айтпақшы, біз «Атырау-Жарықтың» профилактикалық жұмыстарынан, сонымен қатар желілердегі үзілген жерлерден әрдайым да хабардармыз, бәрі қамтылған.

БҰЗАҚЫЛАР

Камераға көбінесе қандай қылмыстар түсіп қалып жатады?

– Біздегі қылмыскерлер – Оушеннің 12 досы емес, олардың әрекеттері көркемдікпен көзге түспейді. Өтіп бара жатқан жүргіншіден жақсы жаңа ұялы телефонды көрсе болды, жақындап барып, бір соғып тартып алады да қашып кетеді. Негізінен бұлар ұрлық, тонау қылмыстары. Жақында камераға Сәтпаев-Құлманов көшелерінің қиылысындағы букмекерлік кеңселердің маңында орын алған тонау қылмысы түсіп қалды. Өтіп бара жатқан жанның 120 мың теңгесі мен ұялы телефонын тартып алды. Қылмыскерлер ізін суытпай, бірден ұсталды.  

Кей кездері ерекше қылмыскерлер – «барсеточниктер» де ілініп қалады. Олар өз құрбандықтарын (бұлар, әдетте, банктердің тұрақты клиенттері, қолма-қол ақшамен жұмыс істейтін адамдар) бірнеше күн бойына торуылдап жүреді. Тіпті күн сайын банкті айналсоқтап жүретін адамды көрсек те, біз оны сол үшін жауапқа тарта алмаймыз ғой. Тек факті болу керек.

Бейнежазбалар қаншалықты ұзақ және қайда сақталады?

Бір ай. Кәдімгі компьютерде.  Одан ұзағырақ сақталатын файлдар да бар.

Түнде камералар «соқыр» болады деген рас па?

Дұрыс жарық болса, олай деу қате. Камералар орналасқан жерлерде жарық бар. Билбордтарға қатысты және төңіректі көлегейлеп тұрған ағаштарға қатысты проблемалар бар, бірақ таяу болашақта бұл проблемалар шешілетін болады.

Көктемде бүкіл республикалық БАҚ-тарда: Атырауда үш жас жігіт бейнекамераға ортаңғы саусағын көрсетіп, ишара жасағандары үшін 10 тәулікке отыру жазасын алды деген ақпарат тарап кетті. Бірақ ишара да, қамауға алу да болмаған боп шықты... Егер шынымен де осындай жағдай болса бұзақыны қандай жаза күтіп тұр?

– Сіз мені тұйыққа тіредіңіз ғой... Бір ғана айтарым: бақылау камераларының инспекторлары да басқалар секілді адам баласы, өз жұмысын орындайды. Мұндай әрекет олардың көңілдеріне тиюі мүмкін. Полицейлерді ренжітпеген жөн.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

29 шілде 2013, 16:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.