«QazaqGaz» ҰК» АҚ орталық аппаратында ұлттық компания топ-менеджментінің қатысуымен стратегиялық отырыс өтті. Жиын барысында QazaqGaz Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов 2024 жылдың қорытындысын шығарып, келесі жылға арналған дамудың негізгі бағыттарын белгіледі, деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Басқарма төрағасы компания Қазақстанның газ инфрақұрылымын жаңғыртуға және кеңейтуге бағытталған стратегиялық бастамаларды сәтті жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
Газ өндіру қарқынының тұрақты өсімі үшін QazaqGaz геологиялық барлауға белсенді түрде инвестиция салуды жалғастыруда. Ұлттық компания газ барлау жобаларын мүмкіндігінше тезірек жүзеге асыру қадамдарын қамтитын нақты жоспар әзірледі.
Соңғы екі жылда газ болуы мүмкін 23 әлеуетті учаскелер қарастырылды, оның ішінде 14 учаске ұлттық компанияға бекітілген. Жамбыл облысындағы Малдыбай және Ақтөбе облысындағы Шалқар учаскелері бойынша жер қойнауын пайдалануға келісім-шарттар жасалды.
Сондай-ақ 2024 жылы Chevron компаниясымен Ақтөбе облысында зерттеу жүргізу туралы келісімге қол қойылды. КТ-III учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге келісім 100 пайыздық carry-қаржыландыру шартымен жасалды. «KОР» мұнай компаниясымен Маңғыстау облысындағы перспективалы Аққұдық учаскесінде бірлескен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге келісім жасалды. Сондай-ақ, Ақтөбе облысындағы Шалқар учаскесінде көмірсутектерді пайдалану бойынша келісім-шартқа қол қойылды.
QazaqGaz геологиялық барлау саласында биыл тиімді жұмыс көрсеткені атап өтілді. Ұлттық компанияның алдында тұрған міндеттер, оның ішінде қайта қарауды қажет ететін заңнамалық кедергілер туралы айтылды. Жақын арада барлық қолданыстағы жобалар бойынша инвесторлармен жұмыс жеделдетіледі деп күтілуде.
Ұлттық компания табыстың тұрақты өсімін көрсетті. 2025-2029 жылдары ірі жобаларды жүзеге асыру үшін қаржылық көрсеткіштерді жақсарту және инвестиция тартуды жалғастыру жоспарлануда. Катарлық Power International холдингімен ауқымды серіктестік жалғасуда. Биыл QazaqGaz 11 миллиард доллардан асатын төрт келісімге қол қойды.
Санжар Жаркешов атап өткендей, 2025 жыл геологиялық барлау және күрделі құрылыс жылы болып жарияланады. Компания жаңа кен орындарын барлауға, газ құбырлары мен газ өңдеу зауыттарын салуға инвестиция салуды жоспарлап отыр.