Атырау, 23 желтоқсан 20:46
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Құлсарыдағы диализге шалдыққан науқастар көліксіз қалды

125 просмотра

Жылыой ауданы Құлсары қаласының бүйрек жеткіліксіздігіне ұшыраған науқастарды көлікпен тасымалдау 2025 жылдан бастап тоқталатындығы хабарланған. Бұған науқастар наразылық танытуда.

Жалпы жылыойлық науқастарды гемодализбен «Нефрос Азия» ЖШС қамтып келеді. Ауданда  гемодиализге тәуелді 34 адам бар болса, құлсарылықтардан бөлек Майкөмген, Шоқпартоғай, Қосшағыл, Ақкиізтоғай, Жаңа Қаратон ауылдары мен Қарағай елді мекенінен де бар. Бұған  дейін науқастар көлікпен қамтылып келген екен.

Диализ аптасына кем дегенде үш рет 4-5 сағаттан өткізілуі керек процедура. Алайда «Нефрос Азия» ЖШС 2024 жылдың 16 қыркүйегінде бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарды көлікпен қамту мүмкін еместігін хабарлаған.

- 2015 жылдан бері диализбен өмір сүрудемін. Үш жыл бойы Атыраудың екіортасында жүрдім, кейде түнделетіп үйге жететінбіз. Бұл ауруы бар адамға өте қиын еді. 2018 жылы Құлсары қаласынан гемодиализ орталығы ашылғанда қатты қуандым. Қазір бізді бір ғана мәселе алаңдатып тұр, ол-көлік мәселесі. Бізге жеңіл тамағын бермей-ақ қойсын, көлік мәселесін шешіп берсе екен. Қай ауру да жақсы емес, бірақ диализге өмірбақи тәуелді болу өте қиын, біз онсыз өмір сүре алмаймыз. Аппарат, кереует ескі, жаңартса дейміз, - дейді Жұмагүл БЕКТЕРОВА.

- Мен 2018 жылдан бастап диализ орталықтан ем алып жүрмін. Бір мезгіл жеңіл тамақтанатын едік, кейін оны қысқарта бастады. Жайлап-жайлап бұрынғы мүмкіншіліктен айырып келеді, - дейді Сұлушаш ГАЛИМОВА.   

- Жолдасым бірінші топтағы мүгедек, осында келіп жүргенімізге үш жыл болды. Жолдасым мүгедектік арбаға таңылған. Бізге көлік керек, онсыз жеткізе келе алмаймын. Келесі жылдан бастап көлікті алып тастаймыз дейді, сонда мен оны қалай алып келемін,-дейді Райгүл ШАХАЕВА.

Бірінші топ мүгедегі Қайрат ӘБІЛҚАЙЫРҰЛЫНЫҢ аяғы жоқ, мүгедектік арбаға отырғандықтан келіп кету қиын болмақшы. Оның үстіне орталық  жаңа аухана ғимаратына көшірілуде. Ол қаланың шет жағындағы ықшам ауданда орналасқан. 

Бауыржан ҚАПАЛИЕВ егер көлік болмаса, қыс қырауда таксилетіп жүру мүмкін еместігін айтса, Жеңіс ЕСҚАЛИЕВ инватакси неге бөлінбейтінін қынжыла жеткізді.  

- Үш жыл болды осында келіп жүргеніме, соңғы кезде біз сияқтыларға жергілікті жерден көңіл бөлінбеуде. Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақоваға барып кеткенмін, жарытып ештеңе айтпады. Неге осы орталыққа келіп, әкімдік арасында жағдайымызды білмейді екен деп ойлаймын. Бірауыз жылы сөзге мәз боламыз, гемодиализ алып шыққаннан кейін онсыз да сырқат жандар қан қысымы көтеріліп кетуі мүмкін, болмаса мүгедек адамдар бар, арбада отырған, осылар қалай келеді? Осыны ойлап отырғандар бар ма екен?-дейді Маран ШЫҒЫР.

«АЖ» тілшісі «Нефрос Азия» ЖШС операция бөлімінің директоры Темірхан МҰРАТОВПЕН хабарласқанда: «Бізге науқастар төрт сағатқа ғана емделуге келеді. Бір жыл болды, енді көлікпен қамту қиын болады деп. Негізі жергілікті әкімдікке, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне ескертіп келемін. Енді біздің көлікпен тасымалдауға қаржылық жағдайымыз көтермейді, сол себептен олар шешуі тиіс. Бізде алты аппарат бар, он жылға да жетпеген. Техника болғасын кейде бұзылады, бірақ емдеуді тоқтатқан күніміз болған жоқ. Инженерлер уақтылы қарап, босалқы бөлшектерін ауыстырып, тұрғызған емес. Тағы да айтамын келесі жылы көлікпен қамтылмайды.

Жылыой аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдармалар бөлімінің басшысы Жанар ҚАЗИЕВА да ахуалға түсініктеме берді:

- «Нефрос Азия» серіктестігінен хат келді. Біз инватаксимен қамтуға қарсы емеспіз. Үш жыл болды инватакси алу жөнінде конурс жарияланымызға, оған 6 млн теңге қаралды. Бірақ оған ешкім түспей тұр 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор        

Бүгін, 17:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.