УГ 157/1 тергеу изоляторы басшылығының тұтқындарға қарсы қолданып жатқан бассыздықтары мен зорлық-зомбылықтары туралы бүгін түске таман тұтқындардың туыстары мен құқыққорғаушылар хабарлады. Ал түрме билігі жайбарақаттық танытып отыр.
- Туыстары мен олардың мүдделерін қорғайтын адвокаттар кешеден бері тергеу изоляторында тұтқындарды жаппай ұрып соғу орын алып жатқанын маған хабарлады, олардың бүкіл жеке заттарын, төсек орындарын, азық түліктерін тартып алған, - деп хабарлады құқыққорғаушы, Қоғамдық бақылау комиссиясының бұрынғы мүшесі Әсел НҰРҒАЗИЕВА (ҚБК мүшелері тұтқындарды ұстау жағдайын бақылау үшін тергеу изоляторына кедергісіз кіру құқығына ие).– Бүгін сенімді дереккөздердің мәліметі бойынша, тергеу изоляторының аумағына әскер кіргізілген.
Түстен бері түрме ғимаратының маңына тұтқындардың туыстары, адвокаттары, журналистер келуде. Бүгінде тергеу изоляторына апаратын жолда ғимараттан 2 шақырымдай жерде бақылау-өткізу қосыны (БӨҚ) пайда болыпты. Облыстық ІІД ЖПБ қызметкерлері жолды жауып тастады. Көліктерді өткізбейді, адамдар жаяу баруға мәжбүр. ІІБ қызметкері бұл жерде БӨҚ облыстық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің басқармасы жүгінгеннен кейін оның басшылығының тапсырмасымен пайда болғанын хабарлады. Оның пайда болу себебін тергеу изоляторының басшылығынан анықтауға кеңес берді. Біз ғимаратқа келген кезде тұтқындардың он бес-жиырма шақты туыстары жиналып қалыпты.
Жиналғандарға тергеу изоляторының бастығы Абылайхан ИЛЬЯСОВ шықты. Тұтқындардың аналары, жұбайлары мен әкелері оны ақпаратты жасырып отырсыз, адвокаттарға да тұтқындармен байланысуға шектеу қойып, тұтқындарға дұрыс қарым қатынас жасамай, қолданыстағы сәлем-сауқат беру нормасын сақтамай, кездесуді ұйымдастырмай отырсыздар деп айыптады. Олар кеше кешкісін және бүгін таңертең түрме терезесінен тұтқындардың айқай-шуын, жалбарына көмек сұраған дауыстарын естігенін айтты. Бірнеше адам торлы терезеден лақтырылған қанға боялған жайманы көргенін растап отыр. Ильясов бұл айыптауларды негізсіз, жалған деп атады. Туыстары болса дәлел келтіріңіз, ұлдарымызды, күйеулеріміз бен бауырларымызды көрсетіңіздер немесе олардың аман екенін көздерімен көру үшін оларға адвокаттарды жіберіңіздер деп талап қойды. Изолятор бастығы сыпайы ғана бас тартты. Режимдік нысанға кіру тек тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады екен.
- Бұл жерде не боп жатыр?
- Ештеңе де, - деді біздің сұрағымызға Ильясов сабырлы кейіппен. – Кеше жалпы тінту шаралары жүргізілді. Бірқатар тыйым салынған заттар: ұялы телефондар, шаншитын-кесетін қарулар және т.б. алынды. Шамасы, туыстары тұтқындармен байланыс жоғалтып алған соң, мазасызданған болуы керек.
- Туыстары кешегі және бүгінгі кездесуге кіре алмағандарына шағымданып отыр ғой.
- Бүгін қысқа күн, түске дейін жарық болған жоқ, бірақ сауқат беруге рұқсат етілді, бланктерді көрсете аламын, жарықсыз кездесуге тыйым салынған. Ал кеше тінту жұмыстары болды.
- Неліктен бүгін бұл жерде блок-постпайда болды?
- Білмеймін, жол менің қарауымда емес. Блок-постқа қатысым жоқ, неге байланысты пайда болғанын білмеймін.
- Осы жерде болған сіздің қарамағыңыздағы қызметкерлердің бірі Арман МҰҚАШЕВ сіздің комментарийіңізге дейін тұтқындардың туыстарына изоляторда тұтқындардың бірі сіздің қызметкерлеріңіздің біріне шабуыл жасағандығын айтыпты.
- Қанға боялған жаймалар, қызметкерлерге жасалған шабуыл туралы менде ешқандай мәлімет жоқ.
Бірнеше ана изолятор бастығына қалай еткенде де балаларымен кездесуге қол жеткізетіндіктерін мәлімдеді.
- Екі күн жарық ажыратылып тасталды, демек бейнебақылау камералары да жұмыс жасамайды. Біздің балаларымызға не істейтіндеріңізді құдай білсін, біз бойкот жариялап, осы жерде дүйсенбіге дейін отырамыз, - деді тұтқын Ерназар БОЛАТОВТЫҢ анасы Мейрамгүл БОЛАТОВА.
Қазіргі уақытта, жергілікті уақыт бойынша сағат 19-да ғимарат алдына изолятор жақтан хабар білмек болған 60 шақты адам жиналды. Екі сағат бұрын ғимаратқа сол жерге жеткен ҚБК төрағасы Асылтек ИСПУСИНОВ кіріп кетті.
40 минуттан кейін оған қала прокуроры мен арнайы прокурор қосылды. Шамамен сол кезде күш құрылымдары келіп, ҚІІБ-нің отыз шақты қызметкері изолятордың алдыңғы жағындағы қызметтік екі есікті қоршап алды. Екі жарым сағат өткеннен кейін тұтқындарға азғана уақытқа кездесуге туыстарын жібере бастады. Адамдар өздері талап еткендей, балаларының тірі екендігіне көздерін жеткізді.
Асылтек Испусинов изоляторда бес сағаттай болды:
- Кеше жоспарлы тексеруге (тінтуге) қатысты тұтқындар наразылық білдіре бастаған.
- Қалай білдірген?
- 8 адам өздеріне жарақат салған: біреуі қарнын жарып, жетеуі қолдарын кесіп тастапты (бұл жарақаттар көзге көрсету үшін салынған жарақаттар болуы керек, бұл тәсілді тұтқындар бағынбаған кезде жиі қолданады- З.Б.).
- Сіз олармен жолықтыңыз ба?
- Әрине, бірақ олар «бас тартты», яғни шағымданудан бас тартты. Бәлкім, олар әкімшілікпен әлдебір келісім жасаған шығар...
- Изолятор аумағына әскер кіргізілгендігі туралы ақпарат расталды ма?
- Изоляторға әскер кіре алмайды, тек зонаға ғана болмаса. Ал бұл жердегі тергелушілердің кінәсін әлі сот дәлелдемеген. Сондықтан мұндай шаралар бұл жағдайда заңсыз болар еді.
- Мұндай тінтулер изоляторда үнемі жүргізіліп отырады ғой, неліктен бұл жолы осындай өткір реакция туындаған?
- Бұл жолы, шамасы, әдеттегіден көп заттарды тартып алған шығар. Маған алынған нәрселердің тізімін көрсетті: тыйым салынған заттар көп екен.
Дүйсенбіде бірнеше БАҚ ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметіне сілтеме жасап мәлімдеме таратты (орфографиясы сақталған): «Бірқатар БАҚ-тарда Атыраудағы тергеу изоляторында жаппай тәртіпсіздіктер орын алды деген хабарламалар айтылды. Ол жерде жоспарлы тінту шаралары жүргізіліп, соның барысында тыйым салынған заттар алынған болатын. Бұл ақпараттың шындыққа сай келмейтінін, ойдан шығарылған және арандату сипатында екенін қаперге береміз. Мекеме ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес жұмыс істейді».
Ведомоствоның өзінің сайтында баспасөз хабарламасы неліктен екені белгісіз әлі жарияланбаған, біздің басылым оны ала алмады.
Біз сол күні изолятор маңында 10 сағаттан астам уақыт өткізіп, изоляторда қамауда жатқан туыстарымен кездесуге қол жеткізген тұтқындардың бір топ туыстарымен хабарластық. Олардың төртеуі ұлдарының өздеріне аталған жарақаттарды салғанын растап отыр. Бәлкім, ҚАЖК-дегі «тәртіпсіздіктер» деп біз әр түрлі нәрсені айтып отырған шығармыз. Ендеше, шынында, Атыраудағы тергеу изоляторында бәрі де қалыпты жағдай болғаны.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ