Атыраулық ерекше баланың анасы Дилдора ЕРКІНОВА жыл сайын облыс әкімдігі ұйымдастыратын жаңа жылдық шырша мерекелік шарасына қатыса алмай жүргенін айтып шағымданды.
- Шараны білетін ата аналар ертерек хабарласып, тізімге еніп алатын шығар. Біз хабарлассақ6 орын қалмады деп жауап береді. Мен секілді қаншама ана баласын осындай шараға апаруды қалайды, неге орын тауып бермейді? - дейді 4 жастағы ерекше баланың анасы.
Атырау облыстық білім беру басқармасынан анықтағанымыздай, Президенттік шыршаға әлеуметтік жағдайына байланысты 9-13 жас аралығындағы балалар қатыса алады.
- Жыл сайын дәстүрлі ұйымдастырылатын әкім шыршасына жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, сонымен қатар халықаралық, республикалық сайыстарда жетістікке жеткен әлеуметтік осал топ санатындағылар, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығындағы тәрбиеленушілер, отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысады. Биылғы шараға жалпы саны 300 бала қамтылады, - деп жауап берді басқарманың баспасөз қызметі.
Айта кетейік биыл әкімдік ұйымдастыратын президент шыршасы 24 желтоқсан күні, Салтанат сарайында өтеді деп жоспарланған. Жаңа жылдық шыршада жыл сайын мемлекет басшысы атынан балаларға ақшалай сертификат, ҚР Президентінің құттықтау хаты мен тәттілер сыйға беріліп келеді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ