Атырау, 21 желтоқсан 07:03
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

2 620 просмотра

Ақтау мен Махачкаладан келген жүлделер

Шілдеде атыраулық кикбоксшылар екі халықаралық турнирде сәтті өнер көрсетті.

Ақтауда өткен халық батыры Ерқосай Құдаекеұлын еске алуға арналған турнирде облыс құрамасы он медаль ұтты. Өз салмақтарында Жандос Назарбеков пен Абзал Дюсупов жеңімпаз атанса, Тілекқабыл Сатқанбеков пен Аллаберген Қайса «күміс» иеленді, Ерболат Оңаев, Ерғанат Қайыржанов, Азамат Өтемісов, Салауат Зұлқашев, Данияр Есқалиев және Сүлеймен Жолдаевтар қоланы қанжығаға байлады.

Осындай жүлделер Махачкалада өткен Ашық бүкілресейлік турнирден де келді. Мұнда Жандос Назарбеков екінші орын алса, Азамат Өтемісов үшінші орынға шықты. Спортшыларды бапкерлер Данияр Юсупов, Қуанышбек Қосақов, Ерлан Сахипов және Рүстем Қисметов дайындады.

***

 

«Атырау» сырт алаңда жеңіске жетті

21 шілде күні футболдан ел чемпионатының 20-туры матчында «Атырау» командасы «Астананы» 2:1 есебімен ұтты.

Ойынның 25-ші минутында алаң иелері бразилиялық Луис Риккардо Зелаоның көмегімен есеп ашты. 39-шы минутта қонақтар алаң иелерінің қақпасына бұрыштама добын орындады. Командамызға жаңадан келген ойыншы, Аргентинадан шыққан хорват Алвиз Роберто допты Ренат Абдуллиннің басына ыңғайлап шығарып берді. Жерлесіміз өзіне келген мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, қарымта голдың авторы атанды – 1:1. Ал 84-ші минутта «Атырау» шабуылшысы Алексей Щеткин алға асырылған ұзын пасты шебер игеріп, қорғаушылардан сытылып шығып, «Астананың» қақпашысы Ненад Эричті қапы қалдырды. Қорытынды есеп 2:1, Миодраг Радулович шәкірттері жеңіске жетті.

 ***

 

Еңбегі еш кетпеді 

Лондон қаласының сыртындағы Кравли елді мекенінде таэквандодан «А» санатты турнир 16-шы Ұлыбританияның ашық чемпионаты өтті.

Мұнда Қазақстан намысын жалғыз атыраулық Сабина АНДИРОВА қорғады. Жарыс алдында ол атақты британдық бапкер Джон Уэбстерден бір апта дәріс алды. 57 келіге дейін салмақта өнер көрсеткен Сабина қатарынан екі жеңіске жетіп, ақтық сында Испания өкіліне ұпай бойынша жол беріп қойды. Нәтижесінде «күміс» медаль иеленді.

***

 

 

Ересектерге үлгі

Сеулде таэквандодан жасөспірімдер мен ересектер арасында Ашық Оңтүстік Корея чемпионаты өтті. Жарысқа Атыраудан көптеген спортшылар қатысса да, жүлделер тек жасөспірімдерге ғана бұйырды.

Атыраулық жасөспірімдер өте сәтті өнер көрсетті: 8 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль. Айдын Байырхан, Жасұлан Қанатов, Мөлдір Әлмұқашева, Айгүл Елубай, Алмас Меллятов, Әлихан Сеитов, Аягөз Нығметова және Айдана Еділбаева чемпион атанды; Арайлым Оразақова, Айтуар Шайкенов және Әмір Бисембай күміс иеленсе, Данагүл Сағынғалиева қола ұтты.

Жарыс өткеннен кейін болған төрешілер семинарында атыраулық бапкер Асқар Тоқтабаевқа «С» санаты берілді. Енді ол әлем чемпионаты айқастарына төрелік ете алады.

Балаларды Сәуле Сардарова, Айсұлу Халамқалиева, Әнуарбек Аманқұлов, Азамат Нұржанов және А.Тоқтабаев дайындады.

***

 

Чемпионға жол берді

Атыраулық таэквандошы Гүлнафиз АЙТМҰХАМБЕТОВА Мехикода өткен таэквандодан әлем чемпионатына қатысты.

www.wtf.org сайты деректеріне сәйкес, Гүлнафиз 73 келіге дейін салмақта өнер көрсеткен. Бірінші айқасында ол түрік қызы Эрис Жапырақты 17:8 есебімен оңай ұтты. Ал келесі айналымда жарыс қорытысында әлем чемпионы болған кубалық Гленис Эрнандестен 1:10 есебімен жеңіліп қалды. Осы чемпионатта Қазақстан құрамасы бірде-бір жүлде ала алмай, сәтсіз өнер көрсетті.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

25 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.