Атырау, 27 желтоқсан 04:54
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

«Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз»

9 059 просмотра

Осындай тақырыпта Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік музейінде мүмкіндігі шектеулі балалар форумы аясында белгілі суретшілердің шеберлік сағаты ұйымдастырылды.

Бұл шара кішкентайларынан тағдырдың талай талқысын көрген балалар үшін шығармашылық әлеуетін және өзін-өзі дамытуға, өмірге деген сүйіспеншіліктерін арттыруға көп көмек болды.

Жарық бөлмеде қойылған үстел басында бірнеше бала отыр. Бәрінің де қолында қылқалам, алуан түстерді араластырып, ақ қағазға өз ойларын түсіріп жатыр. Жарқ-жұрқ еткен фотоаппарат дауысы олардың ойын бөліп жібергендей, аппаратқа ұнатпағандай кейіппен қарап отыр. Мен мүгедек арбасында отырған, шашын артына қарай өрген бойжеткенге жақындадым. 15 жасар Айдана ЖҰМАШЕВА бос уақытында сурет салғанды, кітап оқып, интернетте отырғанды жақсы көретінін айтты.

– Фантастикалық романдарды жаным сүйеді. Соңғы кезде көбіне орыс тіліндегі кітаптарды оқып жүрмін, себебі, ғаламторда қазақ тіліндегі кітаптар жоқтың қасы. Менің  жануарларды бейнелегенді жаным сүйеді, ал сүйікті түсім – күлгін.

Ілмекпен тоқуды ұнататын Айдана ән айтып та талай конкурстарға қатысып жүр. Алда өтетін республикалық конкурсқа вокал номинациясы бойынша дайындалу үстінде.

Бұл шараны ұйымдастырудың басында жүрген «Өмір гүлі» ансамблінің жетекшісі Таня ЖАКУПОВАНЫҢ айтуынша, алда осы тақырыптағы республикалық фестивальдің ережесі бойынша іріктеу кезеңдері өтеді. 10 номинация бойынша 6-46 жас аралығындағы мүгедек жандар сайысқа түседі.

 – Мен осы фестивальдің облыстағы спикерімін. Өзім 3 номинация -  үздік орындаушы, үздік биші және үздік жасампаз бойынша сайыс дайындауға жауаптымын. Осы шеберлік сабақтары да бейнелеу номинация бойынша балаларды іріктеуге көмектеседі. Сабақтар 7 тамызға дейін, аптасына 2 рет өткізілмек. 

Сабақ басталғалы бері бір қыз баланың жанынан кетпей, қылқалам ұстаған нәзік саусақ-тарға көмек көрсетіп тұрған белгілі суретші Қамбарбек АМАНОВТЫ да сөзге тартқан едім:

- Мүмкіндіктері шектеулі балаларға ерекше жылылық пен көңіл керек. Олар өздері айтып жеткізе алмайтын, түсіндіре алмайтын нәрселерін сурет арқылы жеткізуі мүмкін. Бейнелеу өнерінің ерекшелігі мен күші де сонда. Ол адамды демалтып, қуантатын, тыныштыққа, рахатқа бөлейтін, баланың ой-өрісін, дүниетанымын дамытып, өмірдің сұлулығын көрсететін ерекше бір әлем.

Шара соңында ризашылығын білдірген ата-аналар мен жүздерін қуаныш билеген балалар үйлеріне көңілді тарқасты.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

25 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.