Әділ өз құтқарушыларымен бірге8 шілдеде Эльмира КЕНЖЕҒАЛИЕВА жұмыстан келе салысымен, балаларды өзенге суға түсуге алып барды. Олар өздері тұратын ескі әуежайдан ДСК маңындағы жағажайға дейін ұзақ жүріп келді. Сол күні онда халық та көп екен. Эльмира қыздарына суға түсетін киімдерін кигізіп жатып, 16 жасар ұлы Әділге: «Сен енді үлкен болдың ғой, барып өзің жүзе бер», - деп, неге екені белгісіз, зәкірін тастап, қайықта отырған екі су құтқарушысына көз салып қойды.
Әділ қалқан қоршауларға дейін жүзіп барып, қайтып келді. Қарындастарына су шашып, тереңге қарай жүзуге кері кетті.
Облыстық судан құтқару қызметінің сүңгуір-құтқарушысы Ринат АЙБЕКОВ былай дейді:
- Біз қыздардың «Мама, Әділдің аяғы құрысып қалды!» деген дауысын естідік. Қыздар көрсеткен жаққа қарасақ, бізден 30 метрдей жерде бала қолын бір сермеп, су астына кетіп қалды. Ол жерде 6 метрдей терең болатын. Біз қасымдағы қосшым Тұрар СӘРСЕНҒАЛИЕВ екеуміз суға бір уақытта секірдік. Киімшең. Екі сүңгіп барып, қолмен іздегенбіз, таба алмадық. Қайығымыздағы су астында жүзу құралдарын киіп алып, су түбін мұқият қарадық. Таптық, жоғары көтердік. Ол суға кеткен кез бен алып шыққан уақыт арасында шамамен үш минуттай өтті.
Э. Кенжеғалиеваның әңгімесі:
- Мен не істерімді білмедім. Ұлым суға қазір бастап түсіп еді, міне енді оның денесін жағалауға шығарып жатыр. Кеудесіне басымды қойып едім, жүрегі соғып тұр, бірақ дем алмайды. Құтқарушылар үш минуттай жасанды дем салып, жүрегіне массаж жасады, біраздан кейін ұлым көзін ашты! Кім шақырғанын білмеймін, жедел жәрдем де келіп жетіп, Әділді алып кетті. Ол жан сақтау бөлімінде бес күн жатты. Алғашқы күндері ес-түссіз күйде болды. Дәрігерлер миға зақым келген шығар, үш минуттай жүрек соқпай қалуы – бұл көп деп жорамал айтты. Ұлымның жаны қалсын деп Аллаға құлшылық еттім, дұғаларым қабыл болды. Мен су құтқарушыларына баспасөз арқылы алғыс білдірем деп сөз бердім...
Облыстық судан құтқару қызметі басшысының орынбасары Самат ҚҰМАШЕВ:
- Қарамағымдағы адамдардың осылайша тез және кәсіби шеберлікпен қимыл көрсеткендеріне қуаныштымын. Суға түсу маусымы басталғаннан бері бұл құтқарылған 16-шы бала және жыл басынан бергі 30-шы адам.
Әділ өз құтқарушыларының қолын ризашылықпен қатты қысып тұрып:
- Бәрібір Жайыққа суға түсем!- деді кенеттен.
Балаға жауап ретінде С. Құмашев орталық жүзу бассейніндегі жүзуге үйрету тобына тегін қатыстыруға уәде берді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ