Атырау, 26 қараша 02:35
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

СПИД-тен де қауіпті

1 769 просмотра

Атырау облыстық ауруханасының мәжіліс залында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті мен Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының «В және С вирустық гепатиттерді эпидемиологиялық қадағалау» атты бірлескен семинары өтті.

Семинарға арнайы келген ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының бөлім бастығы Айнагүл ҚУАТБАЕВАНЫҢ айтуынша, Қазақстанда 1998 жылдан бастап В вирустық гепатитіне вакцинация жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде осы вируспен сырқаттану жағдайы 50 есеге төмендесе, балалар арасында 1 500 есеге дейін төмендеген. В вирустық гепатиті, көбінесе, егумен толық қамтамасыз етілмеген адамдар арасында, жыныстық жолмен, инемен (нашақорлар) қан арқылы жұғады және бұл вирус көбінесе, ересек адамдардың арасында жиірек кездеседі. Жыл сайын вирустық гепатитпен

ауыру көрсеткіші 40-50 пайызға төмендегенмен, халық арасында толық жойылған жоқ. Қазақстан бойынша 2012 жылы В вирустық гепатитінің өлімге соқтырған 3 жағдайы тіркелген – Оңтүстік Қазақстан облысында 37 жастағы, Шығыс Қазақстанда 30 және 29 жастағы адамдар көз жұмған. С вирустық гепатитіне қарсы вакцина дүние жүзінде әлі ойлап табылған жоқ. С, В вирустық гепатиттерінің басты клиникалық белгілері - әлсіздік, іш өту, бауыр тұсының ауруы, құсу, іш қатып қалуы да мүмкін. Бірақ ешкім гепатит вирусын жұқтырдым деп ойламайды, үйде дәрі-дәрмек ішіп, дәрігерге баруды құнттамайды. Ал, ғалымдар алдымыздағы ғасырда вирустық гепатитпен күресті қарқындатпасақ, ол СПИД-тен гөрі қауіпті ауруға айналады деп дабыл қағуда.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

25 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.