17 шілде күні қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВ (суретте) биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша қалалық мәслихат депутаттарының алдында есеп берді.
16 ҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРДЕ ЖЕДЕЛСАТЫ БОЛАДЫ
Қаңтар-маусым аралығындағы қалалық бюджет 19,3 млрд теңге мөлшерінде жоспарланды. Ал салықтар мен төлемдер 21,9 млрд теңге, яғни, 14,1%-ға көп. Облыстық бюджетке алынғаны 12,9 млрд теңгені құрады. Атырау қаласы бойынша орташа еңбекақы 197 мың 89 теңгені құрады. Жарты жыл ішінде 94 жаңа сауда және қызмет көрсету нысаны ашылып, 300 жұмыс орны құрылды.
Фермерлер 1 162,6 тонна ет, 2 106,7 тонна сүт пен 70,3 мың жұмыртқа өндірді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ет пен сүт бойынша көрсеткіштер екі есеге өсті. Қаладағы селолық округтерде егістік алаңы 1 805 гектарды құрады (20%-ға көп). Көкөністер – 1 150 га, бақша дақылдары – 270 га, картоп – 250 га, жоңышқа – 135 гектар отырғызылды. Тамшылатып суарумен жарақталған егіс алаңы 250 га құрады. 12 471 мал басы бруцеллезге қарсы егілді. Қаладағы балық аулау артельдері биылғы жылға лимиттер алды: теңізден балық аулау бойынша - 5,8 мың тонна, өзеннен балық аулау бойынша – 7,9 мың тонна. Соның ішінде көктемгі балық аулау маусымында теңіз бен өзенде 1,3 мың тоннадан игерілді.
«Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша биыл көппәтерлі 22 үйді салу жоспарланған. Соның ішіндегі бес үй жас отбасыларға (13,7 мың ш. м), 14 үй кезекте тұрғандарға (38,2 мың ш. м.) және үш үй несиеге (9,6 мың ш. м.) арналған.
Өткен жылы құрылысы басталған 539 пәтерлік 8 тұрғын үй пайдалануға берілді. Олар: Нұрсая ықшамауданындағы №№57, 62, 63, 64, 75, 76, 77 және 78 үйлер.
Терможаңғырту бағдарламасы бойынша 46 үйге күрделі жөндеу жоспарланды. Осы бағдарлама бойынша Алмагүл ықшамауданында 16 қабаттық №№17, 19 және 23 үйлердегі жеделсатыларды ауыстыру жоспарланып отыр.
Қалалық бюджет есебінен биыл қала маңындағы 13: Бірлік, Атырау, Еркінқала, Ақжар, Дамбы, Ақсай, Өркен-2, Сарықамыс-2, Томарлы-2, Жаңаталап, Жұлдыз-3, Талғайраң, Водников-2 елді мекендерінде электр желілерін салу жоспарланған. 17 елді мекенде: Көк арна, Бірлік, Атырау, Ақжар, Дамбы, Жұлдыз-3, Өркен-2, Сарықамыс-2, Томарлы-2, Талғайраң, Водников-2, Еркінқала, Ақсай, Жаңаталап, Жұлдыз-2, Тасқала-2, Тасқала-3 елді мекендерінде газдендіру жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Бүгінде 10 поселкеде газ құбырын салу жұмыстары басталып кетті. Республикалық бюджет қаржысына Жұлдыз-2, Тасқала-2 (2-ші кезек), Тасқала-3, Геолог, Ақжар және Бірлік поселкелерінен 47 километр су құбырын салу жоспарланған.
ҮШ МЕКТЕП КҮРЕЛЕДІ
«Привокзальный» мен «Алмагүл» кәріздік сорғы стансасының (КСС) арасында 450 метрлік кәріздік коллектор құрылысы салынуда. Қаладағы 7 КСС-ке кәріздік жүйелерді жөндеу сметасы жасақталуда. Жалпы ұзындығы 50 километр болатын көшені жарықтандыратын 20 желіні салу жөніндегі сметалық құжаттама жасақталуда.
Биыл қалалық бюджеттен 69 қала көшелерін күрделі жөндеуге 2,6 млрд теңге бөлу жоспарланған. Қала маңындағы көлік жолдарын күрделі жөндеуге 100 млн теңге, биыл салынған тұрғын үйлердің аулаларындағы жол құрылысына 68 млн теңге бөлінді.
118 аз қамтылған отбасыларға (582 адам) жалпы сомасы 8,9 млн теңгеге атаулы көмек тағайындалды. Оралмандар арасында екі отбасы (13 адам) жалпы сомасы 167,7 мың теңге болатын атаулы көмек алған. 259 аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй жәрдемақысын төлеуге 5,1 млн теңге жұмсалды. Үйден оқытылатын 223 мүгедек балаларға жалпы сомасы 4,6 млн теңгеге материалдық көмек төленді. Балаларды қорғау күніне 16 жасқа дейінгі 601 мүгедек балаға жалпы сомасы 3 млн теңгеге материалдық көмек төленді.
Үш мектеп апатты жағдайда болды. Н.Крупская атындағы №18 мектеп пен Құрсай поселкесіндегі мектеп ғимараттары күреліп тасталды, олардың орнына жаңа мектептер салына бастады. Отаралиев атындағы мектеп те күрелетін болады. Қазір жаңа мектепті салуға жобалау құжаттамасын NCOC компаниясы ресімдеуде. Қыркүйекте Геолог селолық округінің Мирас поселкесінде №36 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қалалық колледждердің студенттерін жеңілдікпен жүретін (50%) жолақымен қамтуға бюджеттен 196 млн теңге бөлінді. Өткен жартыжылдықта осы жеңілдікті 17 оқу орнының 19 мың оқушысы пайдаланған.
Облыстық әкімдіктің тапсырмасы бойынша 1-4 сыныптың 18 мың оқушысы және аз қамтылған отбасылардан шыққан бір мыңнан астам бала ыстық тағаммен қамтылды.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ