Атырау, 23 желтоқсан 20:22
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

​Испанияда Қарлаг тұтқындары туралы фильм түсіріле бастады

588 просмотра

Қазақстан мен Испания Қарлаг тұтқындарының тағдыры туралы бірлескен фильм түсіре бастады, деп хабарлайды 24kz.

«Бітім» деген шартты атауы бар картина Бильбао қаласында қолға алынды. Жобаға «Қағаз үй» сериалымен дүниежүзіне танылған режиссёр Мигель Анхель Вивас жетекшілік етеді. Түсірілімге Испания мен Қазақстанның киножұлдыздары тартылған. 

Ернат Рахметолла, тілші: - Түсірілім басында табақты сындыру Испанияның емес, Қазақстанның ғұрпы. Осылайша, Еуропа елінің солтүстігіндегі тауда кішігірім Қарлаг пайда болды. Тура сол түрмедегідей инфрақұрылым жасақталған. 

Мигель Анхель Вивас, режиссёр: - Қазақстан мәдениетін сезіну және осы елдегі адамдардың нағыз тұрмыс-тіршілігін көрсету мүмкіндігіне ие болу – ғажап нәрсе. Фильмде ауыл адамдары қазаққа тән қонақжайлылықпен шетелдік қонақтарды дастарханға шақыратын көрініс бар. Осылайша, біз де көрерменді басқа мәдениетпен танысуға шақырамыз. 

Картинада тарихи оқиғалар арқылы адамдардың тағдыры көрсетіледі. Идеологиялық алауыздық жік-жікке бөлген отандастарды ортақ қасірет біріктіреді. Бұған дейін Қарлагтағы испандар туралы әлемдік деңгейде кино түсірілмеген екен. 

Аманат Қонақбаев, фильмнің бас продюсері: - Біздің мақсатымыз – бүкіл әлемдегі адамдардың жүрегін жаулап алатын фильм түсіру. Сондай-ақ біз әртүрлі адамдар, әртүрлі елдер арасындағы барлық тарихты көрсеткіміз келеді.

Бірлескен жобаның дүниеге келуіне шығармашылық қызығушылық себеп болған. Еліміздің кинематографистері өте құнды халықаралық тәжірибе жинап жатыр. Әлемдік алаңдағы «жұмсақ күш» – кино арқылы көрермендер Қазақстанмен жақынырақ танысады. 

Ерлан Бекхожин, фильмнің бас продюсері: - Біздің кинокартина әлемдегі миллиондаған адамға Қазақстан тарихы, оның көпқырлы мәдениеті, ортақ құндылықтар мен ортақ тарихи жады жайында көбірек білуге көмектеседі деп сенемін. Фильмде қазақ тілі де қолданылады. Ұлттық аспабымыз паш етіледі. Кинода қазақ халқы басқа ұлттардың өкілдерін бауырына басқаны айтылады.

Испан тауларында қазақ даласын бейнелеу оңайға соққан жоқ. Логистикаға көп мән берілді. Шынайы жағдайды тура елестететін декорациялар жасалды. 

Цезарь Бенитес, Plano A Plano кинокомпаниясының директоры: - Барлық жағдайды, қазақ даласын дәл беру мүмкін емес екенін білеміз. Бірақ бар күшімізді салдық. Біздің тобымыз өте көп құжатпен танысты, қоюшы-суретшілер өте ауқымды жұмыс атқарды. Үлкен сынақтан өттік. 

«Бітім» фильмін түсіру тобы әлемдік деңгейдегі кино ұсыну мақсатын жасырмайды. Олар «А» санатындағы фестивальдер мен әртүрлі елдердің кинопрокатына іліксек дейді. Қазірдің өзінде «Нетфликспен» келісімшартқа отырған.

22 қараша, 14:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.