Атырау, 24 желтоқсан 19:14
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

«Отан», «Наурыз» және «Асыл мекен»: Тоқаев Қазақстандағы арзан ипотекалар туралы айтты

734 просмотра
Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында инвестия, өнеркәсіп және тұрғын үй салаларындағы жобалар туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорда жазғандай, Тоқаев қазір елімізде жаңа экономикалық бағдар аясында нақты шаралар қабылданып жатқанын атаған.

«Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде инфляция деңгейі төмендеді (биылғы қазан айында жылдық инфляция 8,5 пайызды құрады), сондай-ақ ұлттық экономиканың өсімі 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында 4 пайыздан асып, жақсы қарқын алды. Мұнайдан тыс салаларды дамыту арқылы оң динамика байқалады. Бұл – маңызды үдеріс. Ішкі жалпы өнім өсімінің үштен екісінен астамы сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен ауыл шаруашылығына тиесілі. Осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыру керек. Қазақстан шет елдерден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Биыл жетекші халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның қазіргі несие рейтингі инвестициялық сенімділік деңгейінде тұрғанын растады. Қыркүйекте Moody’s агенттігі Қазақстанның ұзақмерзімді рейтингін «Тұрақты» деңгейіне көтерді. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтиже», - деді президент.

Сондай-ақ, мемлекет басшысының сөзіне сенсек, елімізде өңдеу секторы көлемі жағынан қазірдің өзінде кен өндіру саласын басып озып, одан әрі үздіксіз өсіп келеді.

«Бұл салада бүгінде 630 мың азамат жемісті еңбек етеді. Жыл соңында жалпы құны 1,2 триллион теңгені құрайтын 180 индустриалды жоба іске асырылмақ. Атап айтқанда, катодты мыс (Қарағанды облысы), ферроқорытпа (Павлодар облысы), жүк көліктерінің бөлшектері (Қостанай облысы), цемент, бағалы металл өңдеу өндірісі (Жамбыл облысы) секілді ірі зауыттар жұмыс істей бастайды. Қазіргі уақытта вольфрам кенін қайта өңдеу (Алматы облысы), Chevrolet Onix автокөлік маркасын құрастыру (Қостанай облысы), мыс концентраты (Жамбыл облысы), жылу оқшаулағыш материалдары (Алматы облысы) және қыш тақталары (Шымкент қаласы) өндірістері пайдалануға берілді. Атырау облысында полипропилен шығаратын зауыттың ашылуы мұнай-газ химиясы саласының толықтай қалыптасуына ықпал етті. Алдағы уақытта полиэтилен мен бутадиен өндіру жоспарланған. Маңғыстау облысында еуропалық консорциумның қатысуымен «жасыл» сутегі өндірісі жобасы жүзеге асырылады. Осылайша елімізде озық халықаралық стандарттарға сай және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім өндіретін жаңа кәсіпорындар құрылып жатыр», - деді Тоқаев.

Бұдан өзге президент әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды баспанамен қамту үшін қандай жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.

«Осы мақсатта «Отан», «Наурыз» және «Асыл мекен» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары ашылды. Сондай-ақ көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 17 мыңнан астам отбасының баспана мәселесі шешімін тапты», - деді Тоқаев форумда.
15 қараша, 16:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.