Атырау, 5 қазан 02:43
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Рок стиліндегі жеңіс

2 789 просмотра

Жуырда Ақтау қаласында рок фестивалі өтті. Өнер додасында өз жерінде аты беймәлім атыраулық рок-топтар үлкен жетістіктерге жетті.

«МЕН ҚАЙТА ЖАСАРҒАНДАЙ БОЛДЫМ!»

Мен бұл туралы фестивальден келе жатқан атыраулық қарт рокерлермен бір вагонға тап болуым арқасында кездейсоқ білдім. Осы 60-қа тақап қалған ер адамдар кезінде, 70-ші жылдары, Deep Purple, Led Zeppelin, Uriah Heep және басқа да рок-музыка дүлділдерінің шығармаларынан «ләззат» алған жастар еді.

«Атыраулық жігіттер ерледі, айды аспанға шығарды ғой! Бұл нағыз рок болды. Мен қайта жасарып кеткендей болдым!» - деп өз сезімдерімен бөлісті кәрі жолсеріктерім.

Кейіннен, музыканттардың өздерімен кездескенде, ешбі-реуінің музыкалық білімдері жоқтығына таң қалдым – барлы-ғы да өздігінен үйренген сазгерлер екен (Джимми Хендрикс пен Пол Маккартни сияқты). Мамандықтары бойынша олар - инженерлер, ІТ мамандары, экономистер, геофизиктер, іштерінде суретші мен психиатр дәрігер де бар екен. Кейбірі, тіпті, менеджер, бастық лауазымдарында отырған адамдар.

 

ТҮСІНІК БЕРМЕЙМІЗ

Атыраулық «No Comment» тобының жетекшісі және гитарашысы Андрей Денисовке рок музыкаға деген құштарлық әкесінен ауған екен. Қазір де олар бір-бірінен алыс емес, әкесі баласының тобында бас гитарада ойнайды. Үлкен Денисов рокты тұрақты түрде ойнау арманына тек зейнеткерлікке шыққаннан кейін қол жеткізіпті.

- Біздің топ хард-рок классикаларын орындауға маманданған. Ал Ақтауда біз осылармен бірге өзіміздің «Реквием» атты композициямызды орындадық, - дейді Андрей. 

Мен Ақтау фестивалінен түсірілген бейне түсірілімді қарадым және осы «Реквиемді» ерекше атап өткім келіп тұр. Жаңаөзендегі оқиғаларға арналған шығарма Альбинони увертюрасының толық трагедиясымен басталады. Екінші бөлігі – Құрманғазының дауылпаз күйі - «Адай». Мұны Андрей Денисов электр гитарасымен шебер ойнағанда, қатты ырғақ, күш-қуатқа толы әуеннен төбең шымырлайды. Үшінші бөлімі – сергектік пен үмітті суреттейтін Бетховеннің «Қуаныш одасы». Осы әр түрлі музыкалық жанрлардың керемет күшті рок композициясында топтасуы көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.

Андрей «Адай» күйі еркіндікті аңсайтын, қайсар қазақтың рок әуені екеніне сенімді.

- «No Comment» тобы Ақтауда бірінші рет болып тұрған жоқ, ол жерде бұл музыканттарды жақсы көретінін және концерттерін әрдайым күтетіндерін бірден байқадым,- дейді топқа жаңа қосылған клавиште ойнаушы Заир.

Құрамы: вокал - Андрей Зарецкий, көшбасшы-гитарашы – Андрей Денисов, бас-гитарашы – Игорь Денисов, соқпа аспабында – Альтаир Сабырғалиев, клавиште – Заир Орынбасаров.

 

«ПАНДОРАНЫҢ» БАСТАМАСЫ

Ақтау рок фестивалі 2009 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және оған Қазақстанның көптеген қалаларынан рок-музыканттар қатысады. Биыл әр топқа өнер көрсету үшін 20 минут бөлінді. Фестиваль қорытындысы бойынша келесі номинацияларда жеңімпаздар аталды: «Үздік соло-гитарашы» - Нұртас Ахметқалиев («Pandora» тобы, Атырау), «Үздік композиция» - «DoubleFace» тобы (Атырау), «Үздік бас-гитарашы» - Игорь Денисов («No Comment» тобы, Атырау), «Үздік клавишші» - Заир Орынбасаров («No Comment», Атырау), қалған екі номинация – «Үздік вокал» мен «Үздік соққы аспабында ойнаушы» Ақтау музыканттарының еншісінде қалды.

«No Comment» және «DoubleFace» топтарының жігіттері осы фестивальде бұрын да болып, талай сыйлықтарды ұтып алып жүрген болса, «Pandora» тобы үшін бұл алғашқы қатысулары. Олар, тіпті, фестивальден екі ай бұрын құрылып, өз ақшаларына келіпті. Басқа қатысушылардың көлік, жатын орын және тамақ шығындарын Маңғыстау облысының әкімдігі өз мойнына алыпты, олар мұнысымен жергілікті жастар арасында беделдерін біраз көтеріп тастаған шығар.

«Pandora» тобының құрамы: вокал - Юрий Киор, көшбасшы-гитарашы және композициялардың авторы – Нұртас Ахметқалиев, бас-гитарашы - Александр Калмыков, соққы аспабында – Глеб Шульга.

Музыканттар «smartcore» деген өз стильдерінің атын өздері ойлап тауыпты. Олар «ауыр негізге» (metalcore) дыбысталуы ерекше вокалды (гроулинг) қосады және орындау қарқынын дәстүрлі хардкормен салыстырғанда күштілеу орындайды.

«Пандора» фестивальде сахнаға басқа топтар шығар алдында халықты сергітіп, өнер көрсетті, ал келер жылы негізгі қатысушы ретінде баруы әбден мүмкін. Бір айта кететін жайт, олар көбіне өз композицияларын орындайды. Негізгі тақырыптары – жеке бас бостандығы, қоғамның әлеуметтік мәселелері.

 

АЛПАУЫТТАРМЕН БІР САХНАДА

Pandora тобыPandora тобыАтыраулық Doubleface тобы – қазақстандық рок-музыка үшін ерекше құбылыс. Олар - ірі халықаралық хэви-метал фестивальдерінде Kreator (Германия) Cannibal Corpse (АҚШ), Nile (АҚШ), Hollenthon (Аустрия) және тағы басқалар сияқты беделді рок алпауыттарымен бірге бір сахнада өнер көрсеткен музыканттар.

Вокалшы, гитарашы және әндердің авторы Владислав Мартынов былай дейді:

- Біздің топ Ресейде, Украинада және басқа жерлерде өткен фестивальдарға Қазақстан атынан бірінші рет барған топ. Көп адамдар біздің елімізде «хэви-металл» стилінде, тіпті, жақсы деңгейде рок барына таң қалды.

Ұжым 6 жылдан бері жұмыс жасап келеді, Атыраудағы студияларында жазылған, белгілі мәскеулік «Irond» лейблінен шығарылған, ТМД елдерінде сатылымда жүрген 3 компакт-дискілері бар.

Doubleface стилі – бұл ауыр роктың бірнеше түрлі жанрларының қоспасы, негізі классикалық death/thrash metal болып табылады. Концептуалды лирика, композицияларында ырғақты кездейсоқ өзгертіп отыру және музыкалық эксперименттерді жақсы көру – осы топтың өзгелерден ерекше сипаттары болып табылады.

Құрамы: Владислав Мартынов (вокал, гитара), Сергей Светлов (гитара), Роман Сладков (бас), Александр Егоров (соқпа аспаптары).

Атырауда рок-музыка тек белгілі аз топтың ішінде ғана белгілі, «өз сорпасында өзі қайнап жатқан» өнер саласы екенін айтып өткен жөн. Дыбыс жазу студияларын жасау, концерттерді ұйымдастыру жеке өз қалталарынан жүзеге асырылуда. Музыканттар дайындық жасау үшін жергілікті мәдениет үйлерінен орынды жалға алады.

 

РОК ТІРІ  

Ашық аспан астында өткен Ақтау рок-фестивалі тыңдаушыларды көп жинады. Сахнадағы қойылымдарға қызу қолдау көрсеткен көрермендердің шеті көрінбеді. Сезім де шексіз болды.

Иә, рок-музыка бойыңа үлкен қуат беріп, саз арқылы тыңдаушыларға тарайды. Адамдар сахнада да, зал ішінде де өздерін еркін сезінеді. Рок музыка мәтінінде қашанда соғысқа, аштыққа, әлеуметтік әділетсіздікке қарсы «тікенек» сөздер кездесетінін еске алайықшы. Бұл - сананы оятатын, өмірдің, соның ішінде туған елімнің өзекті мәселелері туралы ойлануға мәжбүрлейтін дауылпаз әуен.

Сонымен қатар, рок-музыка – бұл жанды дауыс, күшті вокал, мәнді мәтіндер, электр музыкалық аспаптарда шебер ойнау, сондай-ақ, үлкен шоу екені сөзсіз. Осындай үлкен өнер саласы Атырауда еш қолдау болмаса да, өмір сүріп жатқаны, тіпті, жетістіктерге жетіп отырғаны біз үшін үлкен қуаныш!

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

18 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.