Алдағы қысқы маусымда Балықшы поселкесі Атырау ЖЭО-ның жылуымен жылытылмайтын болды. Бұл туралы «АЖ»-ға қала әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВ хабарлады.
Өткен жылы облыстық билік 16 мың тұрғыны бар бұрынғы аудан орталығы АЖЭО жылумен қамтамасыз етіп отырған қалалық жылу жүйесіне қосылады деп уәде берген еді. Құны 2 млрд теңге тұратын жоба жасақталды. Бірақ жоба жүзеге аспай қалды.
Ж. Қарағаевтың айтуынша, «ЦентрСтрой ЛТД» компаниясының осы жобасы бойынша 170 млн теңге бөлініп, дайындық жұмыстары басталған болатын. Алайда қазіргі уақытта жоба қанағаттанарлықсыз деп танылды, өйткені АЖЭО басшылығы мақұлдамады және балықшылықтардың үйлерін жылыту үшін қанша гигакалорий қажет екендігі де анық болмады. Бұдан басқа, жобаға үйлерге дейін тұрбалар жүргізу жұмыстары енгізілген, ал онда жертөле желілерін жөндеуге қаржы қарастырылмаған. Сондықтан құжат түзетуге жіберілді.
- Алдағы қыста поселке бұрынғыша қазандық арқылы жылытылатын болады. Тендер негізінде қазандық «Құспанов» ЖК-на сенімді басқаруға берілді, - дейді Ж. Қарағаев.– Қазір қалалық бюджеттен қазандықты және одан шығатын жылу трассасын жөндеуге жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауға 1,5 млн теңге бөлінді. 15 қазанға қарай олар жылу беруге дайын болуы тиіс.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ