25-27 қазан күндері Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында өткен әлем чемпионатында құрманғазылық құтқарушы ЕрсейІт БРАЛИН алтын медаль жеңіп алды.
Оннан астам мемлекеттен 800-ден астам спортшы қатысқан ашық чемпионатқа тек құтқарушылар емес, осы спорттағы кәсіпқойлар жиналған.
- Штанга көтерумен 2014 жылдан бастап айналысып келемін. Жаттықтырушым Александр ЛЕТВИНОВ. Осы жарысқа Атырау облысынан 13 спортшы аттандық. Мен 100 келі салмақ дәрежесі бойынша штанганы жатып көтеру және пауэрлифтинг бойынша қатыстым. Біріншісінен қола медаль, екіншісінен алтын бұйырды, - дейді құтқарушы.
Ерсейіт 34 жаста. Отбасылы, 2 баланың әкесі. 2013 жылдан бастап қызметін Құрманғазы ауданы №7 Өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші болып бастаған, бүгінде осы бөлімнің бөлімше командирі.
Биыл Алматыда өткен Азия чемпионатында 3-орынға ие болса, былтыр Ақтау қаласында өткен батыс аймақтық ашық турнирде чемпион атанып, басты сыйлық - 1 млн теңгені қанжығасына байлаған. Қыркүйек айында Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында «Толағай алыптар сайысы» ойынына төреші болған.
Ерсейіт бүгінде спорттың үш түрінен: грепплинг күресі, пауэрлифтинг және штанганы жатып көтеруден ҚР спорт шебері. Ол бұл спорт түрімен айналысуы өзінің өрт сөндіру қызметі үшін де пайдалы болғандықтан, үнемі дайындықта жүретінін айтады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Ерсейіт Бралиннің мұрағатынан алынған суреттер