Атырау, 28 желтоқсан 15:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

«Baizaar» сауда үйінің кәсіпкерлері банкротқа ұшыраудың алдында тұр

Сурет
1 114 просмотра

Бүгінде сауда орталығы толықтай қызметін тоқтатып, айналасын полиция қызметкерлері күзетуде. Ол жерге сауда орнының қызметкерлері мен жалға алушылар ғана кіре алады. 

Кәсіп иелері заттарын түгендеуге келген. Ірі киім дүкендерінің бірінің басшысының айтуынша, тауарлары түгел жарамсыз боп қалған. 

- Біздің дүкен өрт шыққан “Детский мир” дүкеніне жақын орналасқан. Қоймадағы бүкіл киім-кешек жарамсыз болып қалды. Сау қалған заттардың өзінен күйіктің иісі мүңкіп тұр, сатуға жарамсыз. Осындай қиын жағдайға тап болдық, әрі қарай кәсібімнің не боларын білмеймін,- дейді өзін киім дүкенінің директорымын деп таныстырған ер адам. 

Тағы бір кәсіпкер өзінің сусындар сататын кофеханасын осыдан 2 ай бұрын ашқанын айтады. 

- Осы жерді жалға алған едік. Ең алғашқы өзімнің брендім еді. Енді жемісін береді дегенде осындай жағдайға тап болдық. Заттарым күймеген, бірақ бизнесім тоқтап қалды,- дейді тағы бір кәсіп иесі.  

Ал, “BAIZAAR MALL” ЖШС заңгері Руслан ІЗБАСАРОВ брифингте мәлімдегендей, қазіргі кезде орталық аумағында сараптама жүргізілуде. Сауда орталығы тоқтап тұрған уақытта жалға алушылар барлық төлемдерден босатылады. 

- Тек “Детский мир” дүкенінің тауарлары жарамсыз болып қалды. Қазіргі кезде тексеріс жүргізіліп, шығын есептеліп жатыр. Біздің тарапымыздан қандай көмек көрсетілетіні енді анықталады. Су шашырап, бүлінген жерлерді жөндеп береміз. Әзірге сараптама нәтижесін күтеміз,- деп жауап берді Р.Ізбасаров. 

Ізбасаров мәлімдегендей, келісімшарт бойынша барлық кәсіпкерде сақтандыру болуы көзделген.

- ...Бірақ іс жүзінде сақтандырылмаған болуы да мүмкін. Біз тексеру жүргізетіндей мемлекеттік орган емеспіз. Сондықтан сақтандырылып отыруы өздерінің жауапкершілігінде, - деді Ізбасаров.

Брифинг барысында Атырау облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, подполковник Бағдат АБДУЛЛИН «Baizaar» сауда орталығына департамент тарапынан өрт қауіпсіздігін тексеру жұмыстары 5 жыл бұрын жүргізілгенін атап өтті.

- «Baizaar» сауда орталығына 2019 жылы департамент тарапынан тексеріс жүргізіліп, кемшіліктер анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазіргі кезде мораторийге байланысты және "Кәсіпкерлік туралы" кодекстің кейбір талаптарына сәйкес, облыс көлемінде есепке алынған барлық нысандардың 5 пайызы ғана тексеріліп келеді. Биыл «Қауіпсіз сауда» акциясы аясында адам көп шоғырланатын Сулпак, Технодом, Ардагер, Baizaar секілді сауда орталықтарында кешенді үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген болатын, - деді  Б.Абдуллин.

Айта кетейік, 27 қазан күні сағат 18:37 шамасында Атырау қаласындағы “BAIZAAR” сауда ойын-сауық кешенінен өрт шығып, төрт сағатқа созылған еді. Өрт сөндірушілер жалында 22.50-де сөндірді. Осы уақыт аралығында сауда орталығының 2-қабатының 1000 шаршы метрі жанып кеткен. Бағына қарай, Зардап шеккендер болмады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суреттерді түсірген автор

29 қазан, 13:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.