Атырау, 28 желтоқсан 18:07
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

ҚазМұнайГаз бен CNPC Қызылорда облысында мұнай қорларын іздестіреді

827 просмотра
ҚМГ ұсынған сурет

Қызылордада геологиялық барлау және кен орындарында мұнай өндіруді арттыру тақырыбына арналған II техникалық семинар басталды, деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

Іс-шараға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC) бас директорының орынбасары Чжан Даовэй, CNODC бас директоры Хэ Вэньюань және саладағы жетекші сарапшылар қатысты.

Мұнай-газ саласындағы мәселелерді талқылау алаңы ретінде Қызылорда облысының таңдалуы кездейсоқ емес. Аймақта мұнай өндірісі негізгі кен орындарында қордың сарқылуына байланысты азая түсуде. 2013 жылы Қызылорда облысында мұнай өндіру деңгейі 11 млн тонна болса, 2023 жылы 4 млн тоннадан аз мұнай өндірілді. Болжам бойынша, биыл мұнай өндіру көлемі шамамен 3%-ға дейін төмендейді (биыл 3,6 млн тонна мұнай өндірілетін болады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 100 мың тоннаға аз).

Геологиялық барлау жұмыстарын арттыру, жаңа аумақтарды зерттеу, мұнай қорларын толықтыру және инновациялық технологияларды енгізу мақсатында ҚМГ өңірдегі негізгі серіктестерінің бірі CNPC-мен бірлесіп жұмысты жандандырады.

Асхат Хасенов Оңтүстік Торғай мұнайлы-газды атырабының даму мүмкіндігі зор, терең зерттеулерді қажет ететінін атап өтті. «Шөгінді бассейндерді кешенді зерттеу» деректері бойынша Оңтүстік Торғай алабының қоры 3,2 млрд тоннадан асады деп болжанады. Көмірсутектер қорын толықтыру басты мәселелердің бірі. Бұл толық ауқымды геологиялық барлау жұмыстары мен халықаралық әріптестермен ынтымақтастықта жаңа технологияларды қолдану арқылы мүмкін болмақ.

«Оңтүстік Торғай мұнайлы-газды атырабы – геологиялық барлау жүргізу үшін жаңа әрі перспективалы, зерттеу мен инновациялық тәсілді талап ететін өңірлердің бірі. Палеозой шөгінділерінің терең қабаттарын зерттеу арқылы көмірсутек қорын толықтыру – біздің басты міндетіміз. Бұл – тығыз ынтымақтастық пен озық технологияларды талап ететін күрделі, бірақ орындауға болатын жұмыс», – деп атап өтті Асхат Хасенов.

Жаңа кен орындарын ашу үшін геологиялық барлау көкжиегін Солтүстік Торғай, Шу-Сарысу және Сырдария тәрізді аз зерттелген бассейндерге дейін кеңейту қажет.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компания ретінде ресурстық базаны дамытуға ерекше көңіл бөледі, оның ішінде Қызылорда өңірі де бар. Биыл мамыр айында ҚМГ Торғай палеозой учаскесінде өз қаражатына 5 500 метр тереңдікте ұңғыманы бұрғылауды бастады. Бұрын бұл аймақта дәл осындай тереңдікте ұңғыма бұрғыланған емес.

Семинар алаңында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және CNODC (CNPC еншілес компаниясы) құпиялылық туралы шартқа және Каспий маңы бассейнінің шығыс борт учаскесінің геологиялық барлау әлеуетін бірлесіп зерттеу жоспарына қол қойды. Зерттеу нәтижелері бойынша геологиялық барлау жұмыстары жүргізілетін учаскелер айқындалатын болады.

Сонымен қатар, Қызылорда облысының әкімдігі, Энергетика министрлігі және «Қазгермұнай» БК» ЖШС өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған инвестициялық жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қойды. Меморандум бойынша «Қазгермұнай» БК» ЖШС газ дайындау қондырғыларында басқа кен орындарында өндірілген шикі газды өңдеу жоспарлануда, бұл ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын жеткізу көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

28 қазан, 14:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.