Атырау, 20 желтоқсан 23:42
 бұлттыВ Атырау -1
$ 524.02
€ 545.19
₽ 5.09

​ҚМГ басшысы шетел инвесторларын геологиялық барлауды бірге жүргізуге шақырды

1 311 просмотра
Сурет: kmg.kz

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «Түрікменстан мұнай және газы» атты 29-шы халықаралық конференциясына (OGT-2024) қатысты, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі. 

Ашхабад қаласында 25-25 қазан аралығында өтіп жатқан іс-шараға Түрікменстан Премьер-министрінің орынбасары, BP, S&P Global Platts, CNPC, Dragon Oil басшылары, БҰҰ, БҰҰДБ, АҚШ сауда министрлігінің өкілдері және басқалар қатысты.

А.Хасенов пленарлық сессияда сөйлеген сөзінде Қазақстанның көмірсутек ресурстары қорының әлеуеті туралы ақпарат беріп, серіктестерді геологиялық барлау жобаларын бірлесіп іске асыруға шақырды.

Сондай-ақ ҚМГ басшысы күрделі кен орындарында мұнай алу коэффициентін арттыру міндеті тұрғанын айтты. Қазіргі таңда ҚМГ мұнай өндіруді ұлғайтудың жаңа әдістерін енгізіп жатыр және мұнай өндіру коэффициентін арттыру бойынша тәжірибе және технологиялармен алмасу жөніндегі ұсыныстарды қабылдауға ашық.

«Біз мұнай-газ химиясын да жан-жақты дамытып жатырмыз. Ол үшін мемлекет тарапынан инвесторлар үшін арнайы жағдай жасалған. Шетел компанияларын жобаларды бірлесіп іске асыруға шақырамыз», — деді ол.

Сонымен қатар ҚазМұнайГаз Басқарма төрағасы қазақстандық мұнай сервисінің күрделі кен орындарын игеруде мол тәжірибесі бар екенін айтты. Бүгінде ҚМГ-ның еншілес ұйымы «KMG Drilling & Services» мекемесінің Nabors Industries және Parker Wellbore сияқты жетекші халықаралық бұрғылау компанияларымен бірлескен кәсіпорындары бар.

Бұған дейін KMG DS Каспий теңізінің түрікмен секторында бұрғылау қызметтерін көрсету үшін Dragon Oil компаниясымен келісімшартқа қол қойғанын атап өткен жөн. Қазақстанның «Satti» өзі көтерілетін қалқымалы бұрғылау қондырғысы алғаш рет Шелекен кен орнында пайдаланылатын болады.

ҚМГ басшысы мұнай сервисі қызметтерінің табысты тәжірибесін ескере отырып, ҚазМұнайГазды ұңғымаларды бұрғылау, күрделі және жерасты жөндеу қызметін көрсететін серіктес ретінде қарастыруды ұсынды.

Асхат Хасенов сөзін қорытындылай келе, барлық мүдделі тараптармен сындарлы диалог жүргізудің маңызын атап өтіп, тәжірибе мен технологиялармен алмасуға дайын екендігін жеткізді.

Сонымен қатар форум аясында ҚМГ басшысы Түрікменнебит, Түрікменгаз, Dragon oil және CNPC компанияларының басшыларымен келіссөздер жүргізді.

24 қазан, 12:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.