21-22 қазанда Алматы облысының Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында мектеп оқушылары арасындағы республикалық «Жыр алыбы - Жамбыл» жас ақындар айтысы өтті.
Айтысқа республиканың әр түкпірінен 36 жас ақын қатысқан. Екі күнге жалғасқан додада «Қайым айтыс» жанры бойынша Атыраудағы Нұрғиса Тілендиев атындағы мамандандырылған гимназия-интернатының «Ақындық өнер» мамандығында оқып жатқан 11-сынып оқушысы Марсель ЕРСАЙЫНОВ бас жүлдеге ие болды.
- Ақындардың сайысына республикаға танымал айтыскер ақындар, жазушылар және журналистер төрелік етті. Ақындар сахнада жеребе арқылы жұпталып, өнер көрсетті. Марсель алдымен Абай облысының ақыныме, кейін Жамбыл облысының, Астана қаласының ақындарымен айтысты. Қарсыластарын ең жоғары ұпаймен ұтып, жеңіске жетті, - деді жас ақынның тәлімгері, республикалық айтыстардың жеңімпазы Өнербек ДӘУЛЕКЕНОВ.
Өткен жылы Марсель дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Жыр алыбы - Жамбыл» жас ақындар айтысынан 2-орын иеленген болатын. Биыл 31 қазан – 1 қараша күндері Астана қаласында өтетін «Қола домбыра» республикалық жас ақындар айтысында Атырау облысының намысын қорғайды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ