– Отбасымыз тұрғын үй жәрдемақысын алады, алайда оны бізге тоқсан сайын бір рет төлеп тұрады. Ал коммуналдық есеп-шоттар ай сайын келеді. Уақытында төлемегендіктен «Атырау-Жарықпен» проблемалар боп жүрді. Энергетиктер токты ажыратпас бұрын неге тұрғын үй жәрдемақысын алу кестесін ескермейді?
Р. Валлиулина
Қалалық еңбек және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тұрғын үй жәрдемақысы жөніндегі жетекші маманы Айнагүл ӘДІЛҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, тұрғын үй жәрдемақысы шынымен де үш айда бір рет есептеліп, төленеді. Бұрын қаржылар тікелей коммуналдық кәсіпорындардың есеп-шоттарына аударылатын еді. Биылдан бастап ақшалар тікелей жәрдемақы алушылардың жеке есеп-шотына түседі. Енді алушылар тұрғын үй жәрдемақысын өздері жұмсап, соның ішінде энергетиктердің қызметі үшін алдын ала төлем енгізіп, ажыратып тастау проблемасының алдын алуларына болады. «Кейбір тұрақты алушыларымызда, әсіресе жалғызбасты зейнеткерлерде «Атырау-Жарыққа» 8-12 мың теңгеге артық төлем жинақталып қалған», - деп хабарлады Айнагүл Әділғалиева.
«Атырау-Энергосату» ЖШС директоры Эльмира ИСЕМБЕРГЕНОВА тұрғын үй жәрдемақысын алушылар үшін қызметті төлеудің ешқандай ерекше шарттары жоқ екендігін түсіндірді. «Біздің кәсіпорын мен облыстық әкімдік тұрмысы аз қамтылған азаматтарға біздің қызметімізді төлеудегі кейбір жеңілдіктер туралы жасалған меморандумға қол қойды. Бұл азаматтардың тізімін әлеуметтік қорғау органдары ұсынады. Сондай-ақ, менің пікірімше, тұрғын үй жәрдемақысын алушылардың электр энергиясы қызметін төлеудегі ерекше шарттары әкімдіктер деңгейінде шешілуі тиіс. Өте қажет болған жағдайда тұрғын үй жәрдемақысын алушы бізге төлемді кейінге қалдыру туралы өтінішпен келе алады, бірақ өзімен бірге электр энергиясын төлейтін қаржыны аударуға кепілдік беретін әлеуметтік қорғау органының хаты болғаны дұрыс», - деді Эльмира Исембергенова.